Басты бетЖаңалықтар"Қазаққа ғашық...

«Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмі күзде көрсетіледі

Асқар Ұзабаевтың жаңа фильмі қоғамдағы өзекті тақырыпты арқау етпек.

«Фильмнің синопсисін былтыр жазда Әсел Сәдуақасоваға ұсынған болатынмын. Сюжет бойынша Динара есімді қыз шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққысы келеді. Бірақ, ата-аналары мен туыстары бұл некеге қарсы. Фильмде көрсетілетін тақырып қазіргі таңда өте өзекті. Әлеуметтік желідегі адамдар осы тақырыпты жаһандық мәселеге айналдырып жібереді. Сондықтан осы мәселе туралы комедия жанрындағы фильм түсіріп жатырмыз. Жалпы, өзекті мәселені сынап, мысқылдай қарағым келді»,- деп түсіндірді Асқар Ұзабаев.

Түсірілім тобы төрт сағаттық драма түсіретін болып шешкен. Фильмде көптеген қазақ жігіттеріне тән жеңіл, көңілді әрі сатиралық мінездер көрініс табады. Бұл мінездерге: жалқаулық, кешігу, мақтаншақтық жатады. Қалғанын білу үшін режиссер көрермендерге фильмді көруге кеңес береді.

«Біз фильмнің қалай шығып жатқанын көру үшін, алғашқы 14 минутын монтаждап үлгердік. Ерекше комедия шығады деп ойлаймын. «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмінің түсірілімі кезінде жаттанды КТК әзілдерін болдырмауға тырыстық. Түсірілім басталған уақытта КТК әзілдеріне ұқсап кеткендей болды. Бірақ, бұрын бұндай дүние түсіргенімізді ойлап, өспейтінімізді білдік. Сондықтан, түсірілім тобымызбен бірге өзекті тақырыптар талқыланатын комедия жасауды ұйғардық. Фильмнің негізгі айтар ойы біз барлығымыз ұлтымызға, нәсілге және азаматтығымызға қарамастан, бақытқа лайықтымыз дегенге келеді»,-деп қосты Ұзабаев.

Комедиялық таспаның сценарийі жаңа жылдан кейін жазылған. Оның авторлары — Әуез Әуезов пен Сәбит Рахымбаев. Екеуі бұрын «Абайлаңыз, сиыр!» және «Келін де адам баласы» жобаларымен жұмыс істеген.

ДереккөзBrod.kz