Микронесие ұйымдарының 90 пайызы тіркеуден өтпеген

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев журналистермен кездесу барысында осындай ақпарат берді.

Ақышевтің айтуынша, тіркеуден өтпеген ұйымдардың жұмысы заңсыз. Бұл ұйымдардың халыққа несие беруге құқығы жоқ.

«2014 жылы  қабылданған заң 2015 жылы күшіне енді. Бұрын шағын несие ұйымдарының қызметін нарықта ешкім реттемейтін. Олар өздері бөлек құқық кеңістігінде жұмыс жасады. Енді олардың барлығы Ұлттық банкте қайта тіркеуден өтіп, Шағын қаржылық ұйымның мəртебесін алуы тиіс. Ал шағын несие ұйымдары мүлде нарықтан жоғалуы керек»,- деді Д.Ақышев.

Қаржылық реттеуші құқық қорғау органдарымен тізе қосып жұмыс істеп отыр. Шағын несие ұйымдарының саны азайғанымен олар əлі де бар. Олардың жұмыс істеуіне тұтынушылар тарапынан сұраныстың көп болуы ықпал етіп отыр.

«Бұл жерде шағын несие мен шағын қаржы ұйымдары болғандықтан, мүмкін мəселе терминдердің ұқсастығында болар. Өйткені адамдарға екеуі де бір ұғым сияқты. Алайда, Ұлттық банк бұл терминдерді əдейі жасады. Нарықта заңды жұмыс істеу үшін енді шағын несие ұйымдары шағын қаржы ұйымдарына айналады. Атын өзгертпеген жағдайда ұйым заңсыз жұмыс жасап жатыр деген сөз. Шағын несие дегеніміз аз уақытта жоғары процентпен ақша беру деген сөз.  Өсім өте жоғары», – деді Д.Ақышев.

Бас банкир белгіленген ставкадан жоғары процентпен қарыз беретін ұйымдардың тікелей заң бұзушылар деп атады.

«Шағын қаржылық ұйымдардың жұмысы реттеледі. Олардың ставканы жылына 56 пайыздан асырмауы тиіс. Заңды жұмыс істегісі келмегендер құқық қорғау органдарымен реттеледі. Сондай-ақ халықтың қаржылық сауаты жоғары болғаны да маңызды», – деді ол.

ДереккөзNaryk.kz