«Музартlife» жобасы өнеріме тағы бір дем берді»

Ес білгелі 5 жасымнан бастап ән айтамын. Балабақшада, мектептердегі түрлі іс-шарада ылғи мен жүретінмін. Қандай оқушы болғанымды білмеймін (күлді). Бірақ, аттестатымда бәрі «4» пен «5». Байқау кезінде болмаса, сабақтан себепсіз қалмайтынмын. Мектептегі барлық пәнді бірдей жақсы көрдім.

Мен 7-сыныптың фортепиано сыныбын бітіргенмін. Домбыраны бұрыннан білемін. Одан өзге гитара, баян аспаптарын колледжде үйрендім.

9-сынып бітірген соң музыканы жалғастырдым. Петропавлда музыкалық колледжде классикалық ән бөлімін бітірдім. Ұстазым – Кашенова Роза Әбуталіпқызы. Кейін Алматыға келдім. Түрлі жобаларға қатыстым. Алғашқы қатысқан жобам – 2014-2015 жылы өткен «Қазақстан дауысы» жобасы. Жай қатыспай, бұл жобада финалист атандым. Одан кейін қатысқан екінші ірі жобам күні кеше өткен «Музартlife» жобасы болды. Онда гранд-финалист атандым.

Иса Әлимұсаев, жас әнші
Иса Алимусаев, жас әнші ©SZH.kz

«Музартlife» жобасына дейін жеке екі әнім болды. Ол кезде өзім ғана жұмыс жасайтынмын. Бұл жоба өнеріме тағы бір дем берді. Өйткені, «Қазақстан дауысынан» кейін мен сахнадан жырақтап қалған едім. Ал жоба ары қарай өсуіме үлкен бір септігін тигізді. Қатысушылардың барлығы талантты жігіттер болды. Біз ол жобада қарсылас емес, бауыр ретінде араластық. Ешкімде көреалмаушылық деген қасиет болмады. Бәріміз бір-бірімізге дем беріп, жақын болып кеттік. Мен оларға қарап, алға қарай ұмтылғым келді. «Музартlife» құрамына өтпесем де өзімнің бастаған жеке жұмысым сәтті болып жатыр. Аллаға шүкір, әлі де жақсы жаңалықтармен қуантамыз деп ойлаймын.

«Әндерімді жиі тыңдаймын»

Эстрадаға жаңа леп, стиль әкелемін деп айта алмаймын. Бірақ, қазақи нақышта әндерді әлемге танытсақ деген мақсатым бар. Репертуарыма ән енгізерде продюсеріммен ақылдасамын. Болашақта патриоттық әндер орындағым келеді. Бұйырса, жарыққа шығарамыз. Негізі репертуарымда бар.

Бір қызығы, мен өз әндерімді жиі тыңдаймын (күлді). Күніне 2 рет тыңдау әдетке айналып кетті. Әр тыңдаған сайын барлық жағынан жаңа нәрсе қосқым келеді.

Репертуарымдағы көп әнімнің авторы — Ерболат Қарақойшиев. Екеуміз Алматыда бір отырыста таныстық. Қазір жақын араласамыз, бауырымдай болып кетті. Ерболат мені баррлық жағынан түсінеді. Әндерін көңіл-күйіме қарап шығарады. Содан болса керек, бірден ұнатып, қабылдаймын. Жеке қоржынымдағы әндердің 90 проценті Ерболаттыкі.

Иса Әлимұсаев, жас әнші
Иса Алимусаев, жас әнші ©SZH.kz

Өзімде де композиторлық қабілет бар. Бірақ, өз туындымды жарыққа шығаруға ұяламын. Жақсы ән болып жатса, шығаруға тырысамын. Бірақ, әркім өз ісінің маманы болғаны дұрыс.

Құпияларым көп. Солардың бірі — отбасым мен продюсерім жайлы мәліметтер (күлді). Неге дейтін боларсыз? Өйткені, продюсерімнің талабы сондай. Менің репертуарыма, шығармашылығыма сол кісі жауап береді. Продюсеріммен ақпан айынан бастап жұмыс істеп келеміз. Содан бері менің репертуарымда 3 бейнебаян және 10-15 шақты ән бар. Продюсерімнің менен басқа жобалары жоқ. Алғашқы жобасы — менмін. Ол бірсөзді кісі болғандықтан оған үлкен сенім артамын. Мен құпия ұстап отырған жан өте қарапайым кісі. Сәл шалқақтап кетсем, орныма қойып отырады (жымиды). Болашақта да «жұлдыз» ауруына шалдықпаймын. Осы қарапайымдылығымды сақтаймын.

«Алғашқы альбомым дайын»

Бос уақытымда студияда ән қараймын. Балалармен футбол ойнағанды жақсы көремін. Арасында кітап оқимын. Өзім барлық нәрсенің тарихи болғанын ұнатамын. Ал, киноға шақырса түсер едім. Негізі шақырту болған. Бірақ, мен қатысқан жоба мен кинотүсірілім уақыты бір мезетке келіп қалды. Сол үшін жобаны таңдадым.

Әндерімнің көбісі тойға келмейді. Бірақ, тойға шақырып жатады. Шақырған жерден қалмауға тырысамын.

Бұйырса, ЭКСПО қарсаңында өтетін 31 шілдедегі Ұлықпан Жолдасовтың концертіне, одан басқа Астанадағы біраз концерттерге қатысамын. 23-25 маусым аралығында Ақтауда вокалдан байқау болады. Сонда әділқазылыққа шақырту алдым.

Иса Әлимұсаев, жас әнші
Иса Алимусаев, жас әнші ©SZH.kz

Тағы бір жаңалығымыз — биылғы «ЕМА-2017» байқауына үміткермін. Айта алмайтын тағы біраз дүниелер бар. Оны жарыққа шығарғанда көресіздер. Әзірше жұмысымызды жалғастыра береміз.

Алғашқы альбомым дайын. Ішіне 15-17 ән енді. Жақын арада жарық көреді. Көп әндерімнің бағыты махаббат тақырыбы (күлді). Бұйыртса, күзде әнсапарымызды бастаймыз. Қай қаладан бастайтынымыз әлі белгісіз. Жуырда тағы бір бейнебаянымыз жарық көреді. Бұйырса, алдағы уақытта Фарида Жолдасовамен дуэтіміз жарияланады. Қалған дуэттер құпия болсын.

Қуанған сәтіңіз…

18 жасымда «Қазақстан дауысына» өткен кезде қатты қуандым. Есімде қалғаны сол екен (жымиды).

Жиі ғашық боласыз ба?

Қалай болар екен ол? (күлді). Өнер адамы болғаннан кейін…(ойланып). Шабыт негізі композиторға қатысты ғой. Ғашық болу бұған байланысты емес сияқты. Біз тек әнді орындаушымыз. Ол жағын білмедім. Қалай болады?…

Иса Әлимұсаев, жас әнші
Иса Алимусаев, жас әнші ©SZH.kz

Жеке өмірім…

Әуелі шығармашылығымды бір деңгейге жеткізуім керек. Жеке өміріме содан кейін уақыт бөлемін. Әзірге үйленетін ойым жоқ. Тіпті, сүйген қызым да жоқ (күлді). Бірақ, үйленген соң отбасымды құпия ұстаймын.

Болашақ жарым…

Әрине, қазақтың қызы болғанын қалаймын. Қылықты, қарапайым, сабырлы қыздарды ұнатамын. Болашақ жарымды солай елестетемін.

Жалпы, адамның бойынан адамгершілік пен қарапайымдылықты қатты бағалаймын.

«Қалың мал» қанша төлей аласыз?

Қанша сұраса, сонша төлеймін (күлді).

Тікелей эфир инстаграм
Иса Алимусаевтың әкімшісі Фариза Спандияр сұхбат барысынан тікелей эфир жасап отыр. ©SZH.kz

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы, суреттер Әсел Сарқыт.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.