Басты бетЕмтихан алдында...

Емтихан алдында қалай тамақтану керек?

Негізінде дұрыс тамақтануды емтиханнан бірнеше күн бұрын бастаған жөн. Ең дұрысы, әрдайым дұрыс тамақтану! Ол миыңыздың сергек жұмыс істеуіне көмектеседі.  Алайда дәл емтихан сәті жақындаған кезде де, бұл процесс оң нәтиже береді.

Қандай тағамдар жеу керек?

Ми жұмысының белсенді атқарылуына алдымен глюкоза көмектеседі. Сондай-ақ фосфор, йод, калий, кальций, А, С, Е дәрумендерінің және басқа да элементтердің әсері мол. Сол себепті дұрыс тамақтану мәзіріне мынылар: теңіз өнімдерінен — балық, кальмар, шаян, асшаян, балдырлар; сүт өнімдерінен — сүзбе, қаймақ, айран, йогурт; күнделікті тауық немесе бөдененің жұмыртқасы; көкөністер, жеміс-жидектер кіреді. Сондай-ақ бал араластырылған грек жаңғағы да сіздің миыңызға оң әсерін береді. Етті аптасына 3-4 рет жеу керектігін ұмытпаңыз.

Не нәрсені жеуге болмайды?

Барынша азайту керек тағамдар  тізімінде фаст-фуд, қытырлақ картоп, кептірілген балық бар екенін ескеріңіз. Ұн тағамдарын барынша аз жеуге тырысыңыз. Олардың асқазанда қорытылу процесі ұзақ болғандықтан, ми барлық күшін осы тарапқа жұмсайды. Нәтижесінде сергек ойлануыңызға кедергі келтіреді.

Қарынды тойдыру үшін емес, қанағаттандыру мақсатында тамақтаныңыз. Тым тойып алсаңыз, ми жұмысы баяу жүреді, ойланғаннан гөрі ағзаңызды ұйқыға шақырады. Бір аптадай уақыт бұрын ауыр тағамдарды тұтынбауға тырысыңыз. Бұл өзіңізді жеңіл сезінуіңізге көмектеседі.

Шоколад жайлы

Шоколад емтихан кезінде ми жұмысына жақсы көмектеседі. Алайда оның қандай әрі қанша мөлшерде болу керектігіне мән бергеніңіз жөн. Мысалы, сүтті шоколад қуатты энергия береді, бірақ аздаған уақыттан кейін қант деңгейі бірден төмендеп кетеді. Ең дұрысы — қара шоколад. Сондай-ақ оның құрамындағы какао 75%-дан кем болмағыны жөн. Дегенмен, бір тақта шоколадты бірден жеуге болмайтындығын да ескеріңіз. Ал тәтті кәмпит тәрізді тағамдарды мейлінше жемістермен алмастырыңыз.

Сусындар жайлы

Көпшілігіңізге газдалған сусынның зиян екендігі мәлім болар. Емтихан кезінде газдалмаған, минералды сусындарды ішуді ұсынамыз. Сондай-ақ көк шай, итмұрын қайнатпасы сіздің миыңыздың жұмысына жақсы әсер ететіндігін ескертеміз. Сұйықты жиі ішудің маңызды екендігін ұмытпаңыз. Мүмкіндігінше  әр 2 сағат сайын бір стақан су ішіп отырыңыз. Адам ағзасы басқа амал қалмағандықтан ғана шөл белгісін жібереді. Сол себепті шөлдемеген болсаңыз да осы ритмді қайталауға тырысыңыз.

Кофе жайлы

Кофені көп ішпеуге кеңес береміз. Ұйқы мен шаршауды басатын кофеиннің әсері күшті болғанымен, шамадан тыс қабылдау миды әлсіретеді. Сол себепті күніне 1 саптыаяқ сүт қосылған кофемен шектелгеніңіз жөн.

Таза ауа

Шешуші сәт, емтихан күні жақындаған кездерде көбіне таза ауада серуендеуге тырысыңыз. Себебі таза ауа адам ағзасына дұрыс тамақтану тәрізді қажет. Таңмен жеңіл жаттығуларды жасауды әдетке айналдырыңыз.

Емтихан күні

Таңертең құрамында ақуызы көбірек тағамдарды (жұмыртқа, үрме бұршақ, сұлы жармасының ботқасы, мюсли) жеңіз. Егер тым мазасызданып тұрсаңыз, бананды байқап көріңіз. Емтиханға өзіңізбен бірге қара шоколад және міндетті түрде су алып кіріңіз.

Емтиханды сәтті тапсыруыңызға тілектеспіз!