Басты бетЖаңалықтарЦукерберг шымкенттік...

Цукерберг шымкенттік кәсіпкерді сотқа беруі мүмкін

Шымкентте «WhatsApp» деген дәмхана бар екенін білген Әділет министрлігі, белгілі брендті заңсыз қолданған кәсіпкерге ескерту жасады.

«Әлемге әйгілі тауар белгісін қолданған кәсіпкер әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік туралы білмеген болар. Бірақ, егерде осы тауар белгісінің заңды иесі осы жағдай туралы хабардар болса, онда ол сотқа шағымдануы мүмкін. Және осы жағдайда кәсіпкер үлкен айыппұл төлейді», — дейді министрліктің ресми өкілі Олжас Рамазанов.

Бұл кафенің ашылғанына 11 ай ғана болған. Қабырғаларын уатсаптағы смайликтермен безендіріп, ішіндегі үстелдеріне дейін танымал брендтің суретін іліп қойыпты. Ал, мәзірдің өзінде тіпті «Уатсап» деп аталатын фирмалық салат та бар.

Бірақ, кәсіпкер Асқар Мүсірәлиевтің өзі ісін заңсыз деп ойламапты. Жастарды тарту үшін месенджердің атын қоя салдым деген ол, енді әйгілі компания тарапынан қиындықтар туа ма деп алаңдайды. Тіпті, қысым көрер болса, дәмхана атын жедел ауыстырам деп ақталып отыр.

«Мен бұны ұрлық деп ойлаған жоқпын. Білмедім. Болмайтын болса атауын өзгертем. Басқа атпен тіркелем», — дейді дәмхана қожайыны Асқар Мүсірәлиев.

Айта кетейік, Facebook компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг 2014 жылы WhatsApp мессенджерін $19 млрд долларға сатып алған еді.

ДереккөзKtk.kz