«Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов билет сатып алғандар арасында 44 елдің өкілдері бар екенін мәлімдеді. Шетелдік туристердің басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келетін көрінеді.
Аумағы 25 гектарды құрайтын ЭКСПО кешенінде 115 мемлекеттің павильоны орналасқан. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және 100% жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін алғашқы ел — Коста-Рика бар.
Сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ, ЭСКАТО сынды 22 халықаралық ұйым да «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындарын ресми түрде растады.
Ұйымдастырушылардың мәліметіне сай, көрме өтетін үш айда Астанаға 2,4 млн адам келіп, көрмені тамашалайды. Оның 15%-ы шетелдік туристер болмақ.
Айта кетейік, халықаралық көрменің ашылу салтанаты басталып кетті. Оған қазіргі уақытта 20-ға жуық елді басшылары мен үкімет басшылары қатысып жатыр.