«Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасын үлгілі деп айтуға болады. Бізде шешілмеген мәселелер жоқ, ал туындайтын кез келген мәселе шешіледі», деп мәлім етті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақордада өтіп жатқан келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қытай мемлекет басшысының Астанаға үшінші рет ат басын бұрып отырғанын атап өтті.
“Біздің кездесулер, біздің сенімді қарым-қатынасымыз біздің үкіметтеріміздің арасындағы ынтымақтастыққа барлық жағынан ықпал етеді. Егер біздің қарым-қатынасымызды қысқаша қорытындыласақ, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасын үлгілі мемлекетаралық қарым-қатынас деп айтуға болады. Бізде шешілмеген мәселелер жоқ, туындайтын кез келген мәселе шешіледі”, — деді Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өтіп жатқан келіссөздер барысында.
Елбасы ертең өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысында келіссөздер жүргізіліп, ұйымға екі жаңа мүше мемлекет қабылданатынын атап өтті.
“Төраға мырза, сіздің маған және Қазақстанға қарым-қатынасыңызды жоғары бағалаймын. Біздің халық Қытайдың тек жақын көрші ғана емес, дос және серіктес екенін біледі. Стратегиялық тұрғыда біз Қазақстанның тағдырын, дамуын сіздің елмен байланыстырамыз”, — деді Президент қытайлық әріптесіне.
“Сіздің Қытайды дамыту, елді әлемдегі өзінің лайықты орнына шығару бойынша жоспарыңызға тілектеспіз. Қытай жыл өткен сайын өзінің лайықты орнын алып отыр, біз сіздермен әрқашан бірге боламыз”, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңнің экономикада тікелей шетелдік инвестициялар көлемі, берілген кредиттер мен бірлескен кәсіпорындар бойынша Астананың негізгі серіктесіне айналғанын атап өтті. Бұдан бөлек, екі мемлекет энергетикалық ынтымақтастық мәселесін де шешті.
“Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25%-ы қытайлық компанияларға тиесілі. Қазір олар келісімдердің мерзімін ұзарту мәселесін қойып отыр, біз мұны өте мұқият қараймыз, өйткені олар біздің жақсы серіктестеріміз “, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның ақпараты бойынша, екі ел бірлесе жұмыс істеген жылдары Қазақстан арқылы 100 миллион тоннадан астам мұнай және 180 миллиард текше метр газ жөнелтілді. Қытай мәліметтеріне сүйенсек, тауар айналымы 46%-ға, Қазақстан мәліметтері бойынша 30%-ға өскен.
Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының отырысы Астанада 8-9 маусымда өтеді.
Бұған дейін Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов хабарлағандай, бұл отырыстың тарихи мәні зор. Бірқатар маңызды мәселелердің қатарында Үндістан мен Пәкістанды ұйымға қабылдау бойынша рәсімдерді аяқтау жоспарланып отыр.