Елімізде 7 миллиард теңгенің мұнайы ұрланған

Ұрылар мұнайды ескі тәсіл бойынша қолды қылған. Мұнай компаниялары есепке алу жұмысын автоматтандыру талабын орындамаған. Ұры-қарылар қолданған қара алтынды бөшкеге құйып, сызғышпен өлшеу тәсілін прокурорлар «жаңасына ауыстыру қажет» деген ұсыныс айтады.

«Мұнайды есепке алуды автоматтандыру талап етілгенімен, кейбір мұнай компаниялары әлі де ескі әдістерді қолданып жүр. Яғни, шикізат ұңғымалардан орталықтандырылған коллекторға емес, бөлек тұрған бөшкелерге жиналады. Кейін сызғыштармен өлшенеді. Бұл компания жұмысшыларына мұнайдың бөшкеге жиналған бөлігін ұрлап, сатуға мүмкіндік береді. ««Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-нің кен орнында операторлар, шеберлер мен күзетшілер түнгі уақытта бөшкелерге өндірілген мұнайдың бір бөлігін заңсыз сатып отырған. Осындай тәсілмен 530 тонна мұнай ұрланғаны анықталды. Қазір тергеу жалғасуда»,-деді Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков.

Ақтөбеде мұнай көбіне өнідірісі тоқтаған немесе қараусыз қалған кен орындарында ұрланады. 5 адамнан тұратын қылмыстық топ өнідірісі тоқтап тұрған кен орнынан 50 тонна мұнай ұрлаған. Олардың мүліктері тәркіленіп, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ, өңірде технологиялық шығындар мен жеке өндірістік қажеттіліктерге мұнайдың едәуір көлемін есептен шығаратын компаниялар да бар.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 2014-2016 жылдары 88 мың тонна шикі мұнайды технологиялық шығын деп есепке алмаған. Олар Кеңес дәуіріндегі нормативтік құжаттарға негізделіп есептелген. Ал, «Сағыз Петролиум Компани» ұңғымаларды жуып-шаю үшін 2 мың тонна мұнайды пайдаланған. «Шығын» деп құжатта көрсетілген мұнайды жұмысшылар ұрлап сатуы мүмкін. Айла-тәсілдер көбінесе экспорттау үшін қолданылады. Айта кетейін, 2012-2013 жылдары Молдавия, Армения және Қазақстанның тоғыз азаматынан құрылған қылмыстық топ шикі мұнайды біздің елден «атмосфералық мұнай айыру қалдығы» ретінде шет елге алып кеткен»,-деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Өңір прокурорлары мұнай ұрлығын болдырмау мақсатында алдын алу шараларын ұсынды. Ол үшін арнайы сарапшылар тобы құрылған. Алдымен, қара алтынды тасымалдайтын көліктерге GPS-бақылау жүйесін қондыруды ұсынды. Себебі, мұнай ұрлығының басты құралдары тасымалдаушы көліктер. Олардың саны 2012 жылдан бері Ақтөбеде 3 есеге қысқартылған. Сот шешімімен тәркіленгендер. Қазір аймақта мұнай таситын 400 бірлік көлік бар. Сондай-ақ, құқық қорғаушылар қара алтынның тасымалын арнайы мамандардың қадағалап отырғанын қалайды. Ақтөбелік прокурорлардың бұл ұсыныстарын Бас прокурор да қолдаған.

ДереккөзBaq.kz