Не болды?
Кейінгі төрт айда 1962 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Алматыдағы онкология орталығы директорының орынбасары Жанна Қожаеваның сөзіне қарағанда, биылғы төрт айда 1962 адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Науқастардың басым бөлігі қатерлі ісікті I-II сатысында білген.
Науқас санының артуы ауру деңгейі өсті деген сөз емес. Бұл скриниң арқылы ауруды алдын ала анықтау мүмкіндігі бар екенін білдіреді, – дейді Жанна Қожаева.
Ең көп тараған онкология ауруы — сүт безі обыры
Алматы бойынша ең көп тараған онкология ауруы — сүт безі обыры. Бойында қатерлі ісік бар науқастардың:
- 17,1%-ы сүт безі;
- 10,5%-ы колоректальды (тоқ ішек пен тік ішек қабырғасы);
- 5,7%-ы қалқанша безі;
- 5,5%-ы өкпе обырына шалдыққан.
Биылғы төрт айда 50 мыңнан астам әйел жатыр мойны обыры, 73 мыңнан астам адам сүт безі обыры, шамамен 82 мың адам колоректальды обыр бойынша тексеруден өтті. Алматыда қазір онкологияға шалдыққан 37 766 науқас диспансерлік есепте тұр. Әр бесінші науқас арнаулы медициналық көмек алу үшін еліміздің басқа өңірінен Алматыға келеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, 2024 жылы 3-курс студенті Әлмұхамед Әмитов қатерлі ісікті жеті минутта анықтайтын бағдарлама жасаған еді.
