Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Оксана Лоскутованың айтуынша, бүгін 29 мамырда атқарылған жұмыстар туралы Қоғамдық кеңес алдындағы есепті ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастайды.
31 мамырда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, ал 1 маусымда ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың халық алдындағы есеп беру кездесулері өтеді.
Сонымен бірге, аптаның алғашқы күні ҚР Сенатының Аграрлық мәселелер, жер қойнауын пайдалану, және ауылдық аумақты дамыту комитетінің кеңейтілген отырсында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өсімдік және жануарлар әлемі мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланады.
30 мамырда Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы ҚР және РФ үкіметтері арасында авиациялық іздеу және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылауға арналады.
31 мамырда Сенатта Қазақстан Республикасындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жою мәселесі өңір депутаттар тобының дөңгелек үстелінде талқыланады.
1 маусымда ҚР Парламентінің күнтәртібінде Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтеді. Қатысушылар ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқару, дамыту бойынша өзгертулер мен толықтыруларға қатысты заң жобасын талқылайды. Сондай-ақ, бұл күні ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің дөңгелек үстелі отырысында «100 нақты қадам Ұлт жоспары» аясындағы ақпараттың қолжетімділігі туралы заңнын орындалуы талқыланады.