Шымкентте көшеде әйелді пышақтап өлтірген ер адамға қатысты сот процесі аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралып, сот тиісті шешім шығарған.
Сот мәліметінше, әйелді көшеде аса қатыгездікпен өлтірген ер адам 2022 жылдан бері психикалық аурумен есепте тұрған. Осы уақыт аралығында ол бірнеше рет ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған.
Шымкент мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Бақытжан Туналиевтің айтуынша, күдікті соңғы рет 2025 жылғы 17 ақпан мен 26 наурыз аралығында емделген.
Оған психикалық ауруына байланысты II топтағы мүгедектік тағайындалған. Оның жағдайы динамикалық бақылаудағы V топқа жатады. Ол өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін түсінбейді және мінез-құлқын басқара алмайды, — деді судья.
Сонымен қатар күдіктінің психикалық жағдайына байланысты тергеу әрекеттері мен сот отырыстарына толыққанды қатыса алмағаны айтылды. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам қылмыс жасаған сәтте өз әрекеттеріне толық жауап бере алмаған. Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі емдеу үшін мамандандырылған медициналық мекемеге жіберу туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, қайғылы оқиға биыл қаңтар айының соңында болған. Күдікті ұсталған кезде полиция қызметкерлеріне пышақпен шабуыл жасап, қарсылық көрсеткен. Осыдан кейін тәртіп сақшылары қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған. Белгілі болғандай, сотталушы бұған дейін де қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған. Марқұмның артында күйеуі мен екі қызы қалды.
