18 мамыр – қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, публицист, жазушы, дипломат Олжас Сүлейменовтің туған күні. Ақын 90 жасқа толып отыр. Жазушы 1936 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әлемге «Адамға табын, Жер, енді!», «Аз и Я», «Жарық түндер», «Арғымақтар» секілді еңбектерімен танылған.
Baribar.kz ақынның қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығына арналған тест ұсынып отыр.
Олжас Сүлейменовтің ақындығына тән басты ерекшелік қандай?
Олжас Сүлейменов поэзиясы қарапайым лирикамен шектелмей, кең ауқымды ойға құрылған. Шығармаларында тіл мен тарих, адамзат өркениетінің дамуы сынды терең тақырыптар қозғалады. Сондықтан қазақ поэзиясында интеллектуалдық және тарихи-мәдени бағытты күшейткен тұлға деп ерекшеленеді.
Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов 1991 жылы бірігіп қандай партия құрған?
1991 жылы Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов қоғамдық-саяси бағыттағы «Қазақстан халық конгресі» партиясын құрды. Партия демократиялық құндылықты, сөз бостандығын, ұлттық мүдде мен қоғамдық келісімді қолдауды мақсат етті. Екі ақын да ұйымға тең төрағалық жасап, елдің саяси және рухани дамуына белсенді араласты.
Олжас Сүлейменов жетекшілік еткен қозғалыс?
«Невада–Семей» – 1989 жылғы 28 ақпанда Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған халықаралық антиядро қозғалыс. Ұйымның мақсаты Семей ядролық полигонындағы сынақты тоқтатып, әлемдегі ядролық қаруға қарсы күресу болды.
Олжас Сүлейменов киноиндустриядағы мансабында қанша фильмнің шығуына жетекшілік етті?
Олжас Сүлейменовтің кино саласындағы қызметінде 400-ге жуық көркем, деректі және анимациялық фильм түсірілді. Бұл туындылардың көпшілігі халықаралық және бүкілодақтық фестивальдің жүлдегері болып, Қазақстан кинематографиясының әлемге танылуына ықпал етті.
Олжас Сүлейменов қай киностудияда қызмет еткен?
Олжас Сүлейменов кино саласына 1960-жылдардың ортасында келген. «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеп, сценарий өңдеумен айналысқан. Шәкен Аймановтың өтінішімен «Атамекен» фильміне де сценарий жазған.
Олжас Сүлейменовтің шығармашылыққа бет бұруына себепкер болған кім?
Олжас Сүлейменовтің тұлға болып қалыптасуына өгей әкесі, журналист Әбдуәли Қарағұловтың ықпалы зор болды. Өгей әкесі болашақ ақынды білімге құштарлыққа, еңбекқор әрі жауапты болуға тәрбиелеп, шығармашылық жолына бағыт берген.
Жазушының 1975 жылы жарық көріп, сынға ұшыраған тарихи-лингвистикалық кітабы қалай аталады?
1975 жылы Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» деген кітабы шықты. Алайда еңбек көп ұзамай қатты сынға ұшырап, тыйым салынды. Кітап Абылай ханға, «Игорь жасағы туралы жырдағы» түркі сөздеріне, 1930-жылдары қазақ халқына жасалған геноцидке және Алашорда қайраткерлеріне арналған еді
Олжас Сүлейменов тарихта аты қалған қай тұлғаның тікелей ұрпағы?
Олжас Сүлейменов – атақты әнші, сазгер Жаяу Мұсаның тікелей ұрпағы. Жетінші атасы – Абылай ханның қолбасшысының бірі болған Олжабай батыр. Әкесі Омар қазақтың тұңғыш кавалерия полкінде офицер қызметін атқарған.
Олжас Сүлейменовтің негізгі мамандығы қандай?
Олжас Сүлейменовтің негізгі мамандығы – геолог. 1954 жылы ҚазМУ-дің геология факультетіне түсіп, 1958 жылы оқуын үздік тәмамдаған. Студент кезінде-ақ әдеби ортаға танылған. Кейін Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында поэтикалық аударма бөлімінде білім алған.
Спорттың қай түрі жазушының хоббиі болды?
Қаламгер 1977-1995 жылдары Қазақстан шахмат қауымдастығын басқарды. Бос уақытында шахмат пен волейбол ойнауды ұнатқан.
Әйгілі «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасын жазуға не себеп болды?
«Адамға табын, Жер, енді!» – Олжас Сүлейменовтің 1961 жылы жазған әйгілі поэмасы. Шығарма Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына арналып, адамзаттың ғылым мен ақыл-ой арқылы ғарышты бағындырған жетістігін дәріптейді.
«...Олжас пен ОНЫҢ ара қатынасына қайран қалушы едім. ОЛ Қонаевпен жақсы болған адамдарды аяған жоқ». Мына пікір Олжас Сүлейменовке қатысы бар қай басшы туралы?
...Олжас пен Колбиннің ара қатынасына қайран қалушы едім. Колбин Қонаевпен жақсы болған адамдарды аяған жоқ. Кейін солар Колбиннің алдына келіп, Қонаевты қанша жамандаса да жібімеді. Ал Олжас өйткен жоқ, Қонаевты сыйлайтынын, қадірлейтінін жасырған жоқ, талай жиналыстарда ашық айтып жүрді. Олжас Сүлейменов Геннадий Колбинмен бір деңгейде сөйлесетін». Бұлай деп жазушы Бекежан Тілегенов айтқан.
Бөлісе отырыңыз:

