Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда италиялық турист ажалдан аман қалды

Фото: ДСМ
Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері Италиядан келген туристің өмірін сақтап қалды. Шетел азаматы қазақстандық медицина мамандарына алғыс айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Пациенттің айтуынша, ол Қазақстанға арнайы саяхаттап келіп, елдің мәдениетімен және тарихымен танысуды жоспарлаған. Алайда Алматыға келгеннен кейін үш күн өткен соң оның денсаулығы күрт нашарлап, іші қатты ауырған. Ер адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлер науқасты бірден компьютерлік томографиядан өткізген. Тексеру нәтижесінде аса қауіпті патология — аортаның инфраренальды бөлігіндегі аневризманың жарылуы анықталған. Мамандар мұндай жағдайда ішкі қан кету адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін атап өтті.

Науқасты профессор Серік Тұрсынбаев пен хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рахман Сапарбаев шұғыл тексеріп, бірден ота жасау туралы шешім қабылдаған.

Операция шамамен төрт сағатқа созылған. Ота барысында дәрігерлер жарылған аневризманы растап, зақымдалған аортаның орнына жасанды тамыр протезін орнатқан.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай операциялар тамыр хирургиясындағы ең күрделі оталардың бірі саналады және дәрігерлерден жоғары кәсібилік пен жылдам әрекетті талап етеді.

Қазіргі уақытта Италия азаматының жағдайы тұрақты. Ол ауруханадан шығарылып, амбулаторлық ем қабылдауға дайындалып жатыр.

Менің өмірімді сақтап қалған дәрігерлерге және күн сайын жүздеген адамды ажалдан арашалап жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғысымды айтамын, — деді шетелдік турист.

Exit mobile version