Алматының Медеу ауданындағы тау бөктерінде жер көшкіні болды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түске қарай Байқоңыр көшесіндегі №104 үй маңында жердің опырылғаны туралы жергілікті тұрғыннан хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел түрде ТЖД қызметкерлері, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары және аудан әкімдігі өкілдері барған.
Аумақ тау бөктеріндегі бедері күрделі, тік еңістері мен беткейлері бар жерде орналасқан. Комиссиялық тексеру нәтижесінде кәріз құдығынан су ағуы салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, кейін опырылғаны анықталды, – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта су ағу дерегі толық жойылған. Ведомство мәліметінше, тұрғындардың өміріне қауіп жоқ. Зардап шеккендер мен бүлінген тұрғын үйлер тіркелмеген. Жол қозғалысына да шектеу енгізілмеген.
Салдарды жою және аумақты тексеру жұмыстарына ТЖД-ның бес қызметкері мен екі техникасы, «Қазселденқорғау» мекемесінің үш маманы мен бір техникасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның бес қызметкері мен екі техникасы жұмылдырылған.

