Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда жаңа демалыс күнгі жәрмеңке ашылады

Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер желісі кеңейіп, жаңа сауда алаңы іске қосылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Алматы» ӘКК мәліметінше, 16 мамырдан бастап Жетісу ауданындағы Құлагер шағынауданында жаңа жәрмеңке жұмысын бастайды. Жоба тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етуге және қаладағы сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Жаңа сауда алаңында Алматы қаласы мен Алматы облысының бірнеше аудандарынан — Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай және Жамбыл өңірлерінен ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан келген кәсіпкерлер де өз тауарларын сатылымға шығарады. Жалпы 1000-нан астам түрлі өнім түрі ұсынылады.

Мәлімет бойынша, 2026 жылдың басынан бері демалыс күнгі жәрмеңкелерде шамамен 8,5 мың тонна азық-түлік сатылған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар да бар.

Қазіргі таңда қаладағы бірнеше жәрмеңке алаңы жаңғыртудан өтіп жатыр. Атап айтқанда, Бостандық және Әуезов аудандарындағы орындар кезең-кезеңімен жаңартылып, санитарлық және инфрақұрылымдық талаптарға сәйкестендіріліп жатыр. Алдағы уақытта жәрмеңке желісін Алматының барлық сегіз ауданына кеңейту жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.

Жәрмеңкелер демалыс күндері — сенбі мен жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін мына мекенжайларда жұмыс істейді: Бостандық, Әуезов, Медеу, Алмалы және Жетісу аудандарының белгіленген алаңдары.

Exit mobile version