15 мамырда Қазақстанның басым бөлігінде күн ала бұлтты болып, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамынша, елдің батысында ыстық ауа райы күшейсе, солтүстік және шығыс өңірлерде салқындық сақталады. Кей аймақтарда жел күшейіп, шаңды дауыл мен найзағай күтіледі.
Астанада жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы күндіз +21…+23°C-қа дейін көтеріледі. Түнде топырақ бетінде -2°C-қа дейін үсік жүруі мүмкін.
Алматыда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз. Күндіз ауа температурасы +20…+22°C болады.
Ең ыстық ауа райы Шымкент, Атырау және Түркістан қалаларында күтіледі. Бұл өңірлерде күндіз +30…+33°C-қа дейін ысиды.
Семей мен Өскеменде жаңбыр жауып, жел күшейеді. Петропавл мен Оралда найзағай ойнауы ықтимал.
Қызылорда, Түркістан және Атырау қалаларында шаңды дауыл соғып, желдің күшеюі болжанып отыр.
Павлодар мен Қарағанды облыстарында түнгі уақытта топырақ бетінде үсік сақталады.

