Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

19 жастағы дизайнер «Көкпар» топтамасын Fashion Week-ке қалай шығарды?

Фото: Жасанды интеллект
Жас дизайнер Ақбота Қасымбек алғаш көкпаршылардың киім топтамасын дайындап, оны Visa Fashion Week сән көрсетіліміне шығарды. Ақбота — Next Designer Award empowered by Visa байқауының финалисі, Gazhaiyip брендінің негізін қалаушы. Қазір Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жатыр.
Baribar.kz тілшісі Ақботадан 19 жаста дизайнерлік киімін сән аптасына қалай шығарғанын сұрап білді.

400 үміткердің төртеуі ғана жеңіске жетті

Жалпы, 400 үміткердің арасынан финалға 16 адам өткен. Үздік төрт қатысушының киім топтамасы Fashion Week сән көрсетіліміне шықты. Көптің көзайымына айналған дизайнерлердің бірі – Ақбота Қасымбек.

«Көкпар» топтамасын жасағанда ерекше толқып, шабыттандым. Бұл топтамамды шығару оңай болмады. Байқауға қатысу үшін іріктеуден өту керек. Алайда іріктеуден өтетініме сенбедім, тіпті үміттенбедім де. Жалпы, 400 қатысушы арасында 16 адам финалға жолдама алдық. Әр финалист байқауға үш-төрт киім тігіп апаруға тиіс. Оның төртеуі ғана жеңіске жетіп, топтамасы Fashion Week сән көрсетілімінде ортаға шықты. Мен де осы үздік төрттікке ендім. Осылайша, 19 жасымда көкпаршылардың алғашқы киім үлгісін дайындадым, — дейді Ақбота Қасымбек.

«Байқау жайлы ақпаратты бір-ақ апта қалғанда білдім»

Ақбота 20 киім үлгісінің сызбасын небәрі бір аптада сызған. Дизайнердің сөзіне қарағанда, студенттер киім топтамасын шығару үшін алдымен бір бағытты таңдап, зерттейді. Көкпаршылардың киім үлгілері бастапқыда сабақ тапсырмасына арналған кітап болып шыққан.

Фото Ақбота Қасымбектің жеке архивінен алынды

Биылғы қаңтарда осы байқау болатынын білдім. Байқауға өтінім жолдауға бір-ақ апта уақытым бар екен. Қысқы демалыста сабақ тапсырмасы бойынша бір жоба дайындап жатыр едім. Осы ретте бұл жетістікке жетуіме университеттегі ұстазым Бауыржан Сағиев ағай да үлес қосқанын айтып өтейін. Бауыржан Сағиев — бірнеше жыл Лондонда Alexander McQueen бренді мен Парижде Chanel брендінде дизайнердің ассистенті болып істеген білікті маман. Сабақта бір тақырыпта киім топтамасын шығару үшін сол бағытты зерттеп, сурет жинақтаймыз. Мен көкпар туралы киім үлгілері кітабын құрастырдым. Бауыржан Сағиев ағай маған бағыт-бағдар беріп, бастамамды қолдап, суретші Саид Атабековтың көкпар ойыны жайлы туындыларын зерттеуді тапсырды. Бір аптада 20 киім үлгісінің сызбасын аяқтап, байқауға жолдадым, — дейді Ақбота Қасымбек.

«20 киім үлгісін екі-үш айда тіктім»

Дизайнердің айтуынша, сабақ пен байқауға киім тігуді қатар алып жүру оңай болмаған. Тігін шеберханасында сабақтан кейін және сенбі, жексенбі күндері киім тіккен.

Фото Ақбота Қасымбектің жеке архивінен алынды

Сән аптасына арнап көкпаршылардың дизайнерлік образын дайындау, тігу өте қызық болды. Бір жарым айда төрт киім үлгісін тіктім. Бір ғана киім емес, бас киім, кеудеше мен шалбары бар төрт адамға арналған толық образ еді. Жалпы екі-үш айда 20 киім үлгісін тіктім. Сабаққа да барып, байқауға да киім тігу оңай емес екен. Шынымды айтсам, мен үшін байқауға дайындық процесі өте қарбалас болды әрі ыстық естелік еді. Анамның үлкен тігін шеберханасы бар. Тігін шеберханасында сенбі, жексенбі күндері демалмай киім тіктім, — дейді дизайнер.

Подиумдағы қойылым: көкпар да, өмір де — бәсеке мен арпалыс

Қазақтың ұлттық киімі десек, тек оюлы шапан мен ұзын етек көйлек ойға келеді. Ақботаның сөзіне қарағанда, мақсаты — «Көкпар» топтамасын күнде киіп жүруге ыңғайлы әрі заманауи үлгіде жасау. Дизайнер подиумда көкпардағы бәсекені көрсеткенін айтты.

Фото Ақбота Қасымбектің жеке архивінен

Өзіме барлық киімім құнды. Подиумда көкпардағы тайталас пен бәсекені көрсеттік. Көңліме қонымды ең сүйікті образым – осы қойылымдағы киім. Екі көкпаршы ортаға қатар шығып, иық тіресті. Серке ретінде сөмкеге таласты. Сөмкені алған көкпаршы, яғни модель жеңімпаз болды. Өзім өмірде шынайы көкпар ойынын көрдім. Көкпар қазақ жігіттерінің қайсарлығы мен жеңіске ұмтылысын айшықтайды. Подиумдағы қойылым арқылы тек көкпар алаңында емес, өмірде де бәсеке мен арпалыс бар екенін жеткізгім келді. Кез келген адам мейлі өзімен күрессін, мейлі өзгемен күрессін, әрдайым жеңімпаз болғысы келеді, — дейді Ақбота.

Фото Ақбота Қасымбектің жеке архивінен алынды

«Gazhaiyip деген жеке брендім бар»

Ақбота бала кезінен сурет салуға бейім болған. Жас дизайнер келешекте жеке брендін дамытуды жоспарлап отыр.

Анамның тігін шеберханасында өстім. 10 жасымнан бері тігін тігемін. Бастапқыда анама көмектесіп, жеңіл тігісті үйрендім. Бала кезде сурет салған ұнайтын еді, бірақ болашақта өскен соң киім дизайнері боламын деп ойламаған едім. Алғаш 8-класта киім тіктім. Жейденің оң жағына аппақ қонжық, сол жағына әзізіл бекітілген. Адам болмысының осындай екі қыры бар. Әркез ғажайыпқа сенемін. Gazhaiyip деген жеке брендім бар. Келешекте жеке брендімді дамытуға күш саламын, — дейді дизайнер.

«5 жыл тележүргізуші болып істедім»

Ақботаның пікірінше, адам жаңа тәжірибеге ашық болуы керек. Ақбота мектепте оқып жүріп, тележүргізуші болып істеген.

Бұдан бөлек өнер мектебінің актерлік шеберлік сабақтарына қатысып, біраз жетістікке жеттім. Мәселен, 5-11-класс аралығында «Сарыарқа» телеарнасының «Қуырмаш» бағдарламасының жүргізушісі болып істедім. 9-класты аяқтаған соң нақты дизайнер боламын деп шештім. Дегенмен бағдарлама дайындаған кезде жиған тәжірибе мен қосымша табыс артық етпейді. Сондықтан телернадағы жұмысымды мектеп бітіргенше жалғастыра бердім, — дейді Ақбота Қасымбек.

***

Тағы оқыңыз:

Римде қазақстандық дизайнерлер мен зергерлердің топтамалары таныстырылды

Exit mobile version