Атырау облысы Жангелді ауылында төрт адамды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-де басталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Ақжайық» басылымының мәліметінше, істі аса ауыр қылмыстарды қарайтын судья Зарема Хамидуллина қарайды.
Айта кетейік, Зарема Хамидуллина бұған дейін резонанс тудырған Яна Легкодимованың өліміне қатысты істі де қараған еді.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Жангелді ауылындағы төрт адамның өліміне қатысты іс келіп түсті. Бірінші сот отырысы 18 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Сот процесі ашық болады, – делінген хабарламада.
Еске салайық, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасы жоғалып кеткен. 2026 жылғы қаңтарда отағасы мен оның әйелінің денесі өз үйлеріндегі сарайдан табылған болатын. Ал олардың екі ересек баласын іздеу жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасқан. Ақпан айында отбасының күйеу баласы мен қызы Индонезияда ұсталды.
