Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Батыс Қазақстанда ауыл жастарына арналған спорт кешені ашылды

Фото: БҚО әкімдігі
Батыс Қазақстан облысына қарасты Кеңтүбек ауылында жастарға арналған жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, олар бұрын ауа райының қолайсыздығына байланысты спортпен жүйелі түрде айналыса алмаған. Қыс мезгілінде және жауын-шашынды күндері ашық алаңдарда жаттығу өткізу қиын болған.

Осы мәселені шешу мақсатында AMANAT партиясы бастамасымен ауылда жаңа спорт кешені салынды. Жоба партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Жаңа спорт нысаны бір мезетте 464 адамға дейін қабылдай алады. Кешен әмбебап ойын алаңы, фитнес және күрес залдары, тренажерлік және жаттығу аймақтары сияқты заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Енді ауыл жастары мен тұрғындары бос уақытын тиімді өткізіп, бұқаралық спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік алды, — делінген БҚО әкімдігінің хабарламасында.

Фото: БҚО әкімдігі

Тұрғындардың айтуынша, жаңа кешен бұрын ашық алаңдарда дайындалатын спорт командаларының жаттығу сапасын да арттырады.

Жоба тек жастарға ғана емес, барлық жастағы ауыл тұрғындарына арналған. Мамандардың пікірінше, бұл нысан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Фото: БҚО әкімдігі

Облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев айтуынша, жаңа спорт кешені бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, жас спортшылардың кәсіби деңгейде шыңдалуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, кейінгі жылдары Батыс Қазақстан өңірінде бірнеше жаңа спорт нысаны ашылып, бұқаралық спорт инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келеді.

Exit mobile version