Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

«Ғылымға келуіме анам әсер етті»

Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келдім. 9 сыныптан кейін «Болашақ» колледжінде ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алдым. Колледжді аяқтаған соң 2010 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне мұнай және газ кафедрасына оқуға түстім.

Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым
Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым ©SZH.kz

Бакалаврды бітіргеннен кейін, 2014 жылы ректорымыз Қылышбай Алдабергеннің ұсынысы бойынша Ресей Федерациясындағы Қазан қаласына оқуға аттандым. Магистратураны Қазан федералды университетінде оқыдым.

Ресейде оқып жүргенде ғылымға деген қызығушылық ояна түсті. Мұнай және газ саласы бойынша дизель отынына байланысты зерттеу жұмыстарын бастадым. Ол жақта барлық ғылыми зерттеу жұмыстары орыс тілінде жүргізіледі. Қазанда оқуым менің ғылымға деген көзқарасымды өзгертті. Тезірек елге оралып, үйренгеніммен бөліскім келді.

Бала күнімде ғалым боламын деп армандамаппын. Анам Клара Қайроллақызы химия саласында еңбек етіп жүргендіктен, қызығушылығым анама қарап оянды. Күнделікті үйде оның құрал-жабдықтарын, кітаптары мен ғылыми еңбектерін көріп жүрген соң осы саланы қалай таңдағанымды өзім білмей қалдым. Қазір анама көп рахмет айтамын. Ғылым жолына адаспай түсуіме себепкер болғаны үшін алғысым шексіз.

«ЭКСПО көрмесіне қызу дайындалып жатырмыз»

Қазан қаласынан Қазақстанға оралғаннан кейін өзім білім алған Қызылорда мемлекеттік университетіне келдім. Қорқыт ата атындағы университеттің жаңа зертханасына оқытушы болып жұмысқа орналасып, ойымдағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым.

Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым
Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым ©SZH.kz

Өздеріңізге белгілі, қазір Қазақстан «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне қызу дайындық үстінде. Біз, Қызылорданың жас ғалымдары, осы көрмеге өз үлесімізді қосу үшін бірнеше бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Көрмеалды шағын көрсетілім шараларында жасаған жобаларымыз жақсы бағаға ие болып жатыр.

«Табиғи полимер негізінде шіритін пленка жасадым»

Қызылорда аймағында экология мәселесі бірінші орында екені белгілі. Кез келген жоба жасағанда мен осы жағдайды ескеремін. Туған жерім болғандықтан, туған өлкемнің табиғатына жанашырлықпен қарауға тырысамын. Осындай ойдан туған жемісті жобаларымның бірі — ыдырайтын полиэтилен пакет.

Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым
Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым ©SZH.kz

Полиэтилен пакеттің құрамында глауконит дейтін түйіршіктер бар. Қызылорда аймағында глаукониттің мол қоры табылған.

Қарапайым тұрмыста қолданылатын полиэтилен пакеттер шірімейді де, аймақтың экологиясының ластануына себепші болады. Бұл — ғаламдық проблема. Ал мен жасаған табиғи полимер негізінде алынған нанокомпозитті пленкалардың ерекшелігі — 20-30 күннің ішінде топырақта ыдырап, шіріп кетеді.

Табиғи полимер негізінде алынған глауконитті пакет
Табиғи полимер негізінде алынған глауконитті пленка ©SZH.kz

Басқа полиэтилен пакеттер 100 жыл бойы ыдырамайды, ыдыраса да экологияға зиянды заттар бөледі. Ал табиғи полимер негізінде алынған нанокомпозитті пленкалар шіріген соң топыраққа тыңайтқыш ретінде қолданылады. Мұндай қасиет құрамындағы глауконит түйіршектеріне байланысты қалыптасады.

«Полиэтилен пакеттер антибактериалды қасиетке ие»

Бұл пакеттер тағам өнеркәсібінде де пайдалануға ыңғайлы. Антибактериялық қасиетке ие пленкалар тағам өнімдерін қаптағанда бактерияларды жоятын қасиетке ие.

Бұл жоба әлемдік тәжірибеден өткен, алайда жергілікті жерге байланысты оның құрамы әр түрлі болып келеді. Алдағы жоспарда өндіріске енгізу тұр.

Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым
Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым ©SZH.kz

«Глауконитті пакеттерді қолданысқа енгізу экономика жағынан ұтымды»

Батыс Еуропа елдері мен Америка құрама штаттарында осыған ұқсас полимерлер қолданылады. Ресейде бұл енді ғана қолға алынып жатыр. Ал Қазақстанда менің жұмысым — әлі баламасы жоқ жоба. Егер полиэтилен пакеттің глауконитті нұсқасын өнеркәсіпте жүзеге асырып, қолданысқа енгізсек — экономикалық жағынан да мемлекетке ұтымды болар еді. Себебі, елімізде глауконит минералының мол қоры болжанған.

Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым
Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым ©SZH.kz

«Қазақ ғылымын дамыту — жас ғалымдардың парызы»

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ғылымға көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, біздің зертхана мен оқу орны бізге көп жағдай жасап отыр. Шетелде тегін білім алуға да жағдай бар. Оқу орындары техникалық базамен жабдықталған. Мемлекет жастардан осының өтеуін талап етуі — заңдылық. Біз мемлекет алдында қоғамдық өмірді жақсартуға, қазақ ғылымын дамытуға міндеттіміз. Мұны парызым деп білуіміз керек.

«Ғалымдар қоғаммен тығыз байланыста болуы керек»

Көпшіліктің арасында ғалым жаңалық ашу үшін лабораторияда күндіз-түні отыруы керек деген стереотип қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Ғалымның еңбегінің жемісі қоғамдағы адамдардың игілігіне бағытталуы керек. Сондықтан, ғалым қоғаммен тығыз байланыста болуы керек.

Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым
Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым ©SZH.kz

Басқа елдердегі ғалымдармен тәжірибе алмасу да өте маңызды. Кейде таныстарым сұрайды: «Қызылордада жатып бәрін қайдан біліп отырасың?»,- деп. Қазір ХХІ ғасыр — ақпараттық технологиялар заманы. «Болашақ» колледжін ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша бітірген соң ба екен, шетелдегі әріптестеріммен жиі байланысқа шығамын. Өзім сияқты өзге елдің жас ғалымдарымен тәжірибе алмасып отырамын.

«Қазақтар кез келген нәрсені тез меңгереді»

Шетелде оқып жүргенде, ғылыми конференцияларда түйгенім — жер бетінде қазақтардан артық тез үйренетін халық жоқ. Тілді де, ғылымды да, өзгерістерді де тез меңгеріп, өз ыңғайына қарай өзгертіп алатындар тек қазақтар ғана. Осы күнге дейін қоғамда қанша өзгеріс орын алып жатыр, әлемдік тәжірибе, қоғамдық сананы жаңғырту дейміз, тіл үйрену — бәрі-бәрі біз үшін өте оңай процесс. Сол сияқты, ғылыми жаңалықтарды меңгеру, ғылыми жаңалықтар ашу да бізге аса қиын емес. Тек қана желкедегі жалқаулықтан құтылу керек.

Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым
Еркебұлан Жақсылықов, жас ғалым ©SZH.kz

Сұхбаттасқан  Дана Маратова, суреттер Дастан Қастай.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

16 пікір

  1. Елимизде не коп мусор коп. Барин пайдага жарату керек

  2. Экология маселеси казирги куни оте озекти боп тур

  3. Осы ғалымдарға үкімет қаржылай көмектесіп шетелге жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берсе…….

  4. Қазақтар жалқау емес негізі. Жаңалық ашу біздің де қолдан келеді

  5. Еркебұлан есимди жигиттер мықты ненизм ше)

  6. Ғылым деген оңай сала емес пікір жазбай тұрып соеы түсінсе

  7. Ғылыми енбектердин басвм бөлиги орыс тилинде….. Еx

  8. Кызылорда ғана емес Актау мен Семейдин де экологиясы проблема

  9. Не де болса алға қойган максатын жузеге ассын бауырееем

  10. Жерге болинбеик букил алемде экология проблема актау кызылорда ғана емес

  11. Оооо Еркош молодец бауырым Жаксылыковтар жасасын

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!