Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Астанадағы өрттен 3 бала қаза болды: қылмыстық іс қозғалды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Астананың Есіл ауданында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, үш бала қаза болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Түркістан көшесіндегі тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден шыққан. Өрттен күйік алған әйел құтқарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді.

Құтқарушылар оқиға орнынан кәмелетке толмаған үш баланың мәйітін тапты. Өрт кезінде жоғарғы қабаттарда тұратын 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан. Қазіргі уақытта өрт толық сөндіріліп, оның шығу себебі анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Қалалық әкімдік зардап шеккен әйелге және қаза болған балалардың отбасына қажет жан-жақты көмек беретінін мәлімдеп отыр.

Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта өрттің мән-жайын анықтау үшін тергеу, жедел іс-шаралар жүріп жатыр.

Өрттің себебі мен барлық жағдайын анықтау үшін кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі, – делінген хабарламада.

Exit mobile version