Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстанда әр инвесторға жеке прокурор бекітіледі

Фото: Бас прокуратура
Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында әрбір инвесторға жеке прокурор бекітіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бас прокурор Берік Асылов инвестицияларды қорғау және қолдау мәселелері жөніндегі форумда елде инвестицияларды қорғау – басты мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін айтты. Бұл бағытта «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізіліп, заңсыз тексерістер мен әкімшілік кедергілерге жол берілмейді.

Мемлекет басшысы инвестор нақты қорғауды сезініп, ашықтық пен тұрақтылыққа сенімді болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл қағидаттар еліміздің инвестициялық саясатының негізін құрайды, – деді бас прокурор.

Берік Асыловтың мәліметінше, Қазақстан 48 үкіметаралық келісімге қол қойып, инвестицияларды қорғаудың құқықтық базасын қалыптастырған.

Қазіргі таңда прокуратура екі мың инвесторға қолдау көрсетіп, 30 мың жұмыс орнын қамтитын 250-ден астам жобаның іске асуына ықпал еткен. Сонымен қатар 2025 жылғы желтоқсанда мемлекет басшысының жарлығымен инвестициялық омбудсменнің функциялары бас прокурорға жүктелген. Осыған байланысты Қазақстанның бас прокуратурасы жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылған, — деді Берік Асылов.

Енді әрбір маңызды инвестициялық жоба прокурорлық сүйемелдеуде болады. Аймақтарда инвестициялық прокурорлар тағайындалған.

Прокурордың келісімінсіз мемлекеттік органдар инвесторларды тексере алмайды, қызметін тоқтата алмайды немесе лицензиясын қайтарып ала алмайды. Егер заңсыз әрекет анықталса, біз оны жоямыз, – деді Берік Асылов.

Сонымен қатар үкімет жанындағы инвестициялық штабтың жұмысы да атап өтілді. Кейінгі екі жылда бұл алаңда 200-ден астам жоба қаралып, жалпы сомасы 100 миллиард доллардан асатын инвестициялық бастамалар іске асырылған.

Exit mobile version