Қазгидрометтің мәліметіне сай, Рамазан айының басында жаңбыр жауып, жел тұрады, мамыр айының соңында ауа температурасы төмендейді: солтүстік бөлігінде түнде 3…8, кей жерлерде 0ºС болады, күндіз 10…18 градус жылы, оңтүстік аймақтарда — түнде 8…13ºС, күндіз 20…25 ºС-қа дейіт көтеріледі деп күтілуде.
«4-5 маусым күндері республика аумағына антициклон әсер етіп, осыған байланысты күн ашылуы мүмкін. Ауа температурасы елдің солтүстігінде 23…28, оңтүстікте 30…35 градус жылы болуы ықтимал», — делінген Қазгидрометтің хабарламасында.
Болжамға сай, 6-8, 12-14 маусым күндері және екінші онкүндіктің соңында циклондардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады. Өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және жел тұрады, ауа температурасы төмендеуі мүмкін.
Қалған күндері Орталық Азия аймақтарынан жылы ауа ағыны келіп, күн жартылай бұлтты болады және ауа температурасы солтүстік өңірлерде күндіз 30…35, оңтүстікте — 35…42 градусқа дейін көтеріледі. Қазгидромет консультативтік ауа райы болжамының синоптикалық жағдайларға байланысты өзгеріп отыратындығын атап өтті.
Биыл, яғни 2017 жылы мұсылмандық күнтізбе бойынша Қасиетті Рамазан айы 29 күн.
Ескерту:
1. Қасиетті “Қадір түні” маусымның 21-інен 22-іне қараған түні.
2. Сәресiн iшу таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда тоқтатылады.
3. Ауызды ақшам намазының уақыты болысымен құрмамен немесе сумен және т.б. жеміспен ашуға болады.
4. Тарауық намазы Құптан намазынан кейiн оқылады, ал Үтiр-Уәжiп намазы ең соңынан жамағатпен оқылады.
5. Пiтiр-садақаны рамазан айының басынан айт намазына дейiн беруге болады. Еліміз бойынша әр адамға 300 теңге.
6. 25 маусым (жексенбі) күнi Ораза айт мейрамы басталады.
7. Оразаға ниет: Алла тағаланың разылығы үшін таңнан күн батқанға дейін мүбарак рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.
8. Ауызашар дұғасы: «Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!»