Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Сталкиң дерегі: Астанада бұрынғы әйелін мазалаған ер адам жазаланды

Фото: Depositphotos.com
Астананың Байқоңыр ауданында сталкиң дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Астана прокуратурасының мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, сотталған азамат бірнеше жыл бойы ажырасып кеткен әйелін мазалап келген. Жәбірленуші онымен байланыс жасаудан бас тартқанына қарамастан, ер адам оның үйіне келіп, кіреберіс есігін бұзып, пәтерге бірнеше рет заңсыз кірген.

Сотталушының әрекеттерінен қорыққан жәбірленуші өз үйін тастап, анасының үйіне барып жүрген. Алайда бұл да оны тоқтатпаған: ол жәбірленушіні іздеп барып, агрессивті әрекеттер жасап, жанжал тудырған. Сонымен қатар ер адам бейтаныс нөмірлерден үнемі қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп отырған. Оның бұл әрекеттері жәбірленушінің өміріне қауіп төндіріп, күнделікті қозғалысы мен белсендігін шектеген, — делінген хабарламада.

Істі қараған Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сотталушыны кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.

Прокуратура мәліметінше, заңсыз қудалау (сталкиң) үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Exit mobile version