Қазақстанда «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында республика көлемінде өткізілген шара барысында 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.
Атап айтқанда, 4,1 мың шетел азаматы елде болу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 2,7 мың шетел азаматы заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылды.
Бұдан бөлек, 2,2 мың қазақ пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияны уақытылы хабардар етпегені үшін жауапкершілікке тартылды. Ал 500-ден астам жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 200 млн теңгеден асты. Көші-қон заңнамасын бұзған немесе Қазақстан аумағында болу негіздері жойылған 1,5 мың шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар 1,2 мың адамды елден шығару туралы сот шешімі қабылданған. 121 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылды. Олардың ішінде сегізі деструктивті-радикалды ағым өкілдері екені анықталған. Елден шығарылған барлық азаматқа Қазақстанға бес жылға кіруге тыйым салынды, — делінген хабарламада.
Іс-шара барысында барлығы 24 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде тоғыз іс мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша, тоғыз іс заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша және алты іс шетел азаматы жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу бойынша тіркелген.
ІІМ құқық бұзушылықтарды талдау нәтижесінде көп жағдайда заң бұзуға Қазақстан азаматтарының өздері ықпал ететінін атап өтті. Негізгі себеп – заңсыз әрі жылдам пайда табуға ұмтылу.
Мәселен, Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында шетел жұмыс күшін заңсыз тарту деректері бірнеше рет тіркелген. Осы фактілер бойынша қылмыстық кодекстің 395-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Сонымен қатар өңірлердің бірінде Қазақстан азаматы жалған құжаттар арқылы шетел азаматтарын заңдастырғаны анықталды. Бұл дерек бойынша қылмыстық кодекстің 394-бабы негізінде тергеу жүргізілуде. Іс-шара барысында іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды. Атап айтқанда, Алматы қаласында, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарында көрші мемлекеттер іздестірген түрлі қылмысқа қатысы бар азаматтар қолға түскен. Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау және алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр, — делінген хабарламада.

