Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Парламент Алатаудың ерекше мәртебесін мақұлдады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Қазақстан парламенті «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» конституциялық заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Заң жобасы бойынша, Алатау қаласында салықтық жеңілдіктер тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Бұл жобалар экономикалық және әлеуметтік тиімділікке ие болып, қаланың стратегиялық жоспарларына сай, экспортқа бағытталған әрі инновациялық болуға тиіс. Сонымен қатар экологиялық талаптарды сақтау міндеттеледі. Жоба аясында барлық жеңілдік пен инвесторлардың міндеттемелері ашық жарияланып отырады.

Қалада Alatau City Authority атты жаңа мемлекеттік орган құрылып, республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Бюджет қаражаты инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін басқа бюджеттерден қаржы алмайды, ал жергілікті бюджет әлеуметтік және ағымдағы шығындарға жұмсалады.

Сонымен қатар қала Digital by default қағидаты бойынша дамиды. Яғни барлық негізгі қызметтер цифрлық форматта жүзеге асырылады. Инновациялық технологияларды енгізу үшін арнайы құқықтық режимдер қарастырылып, жасанды интеллект, робот техникасы, автономды көлік және цифрлық желілерді дамыту көзделген. Бұдан бөлек, қалада криптобиржа мен цифрлық активтерді реттеу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Халықаралық сарапшылардың болжамынша, жоспарлар толық іске асқан жағдайда 2050 жылға қарай Алатау қаласының өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.