Алматыда «Байқа! Алаяқ!» атты жаңа детективтік комедияның премьерасы өтті. Картина 19 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Фильм режиссеры – Дархан Саркенов, ал жобаның инвесторы – Tolqyn Film Fund жеке киноқоры. Фильм қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – кибералаяқтық пен адамдардың сенгіштігін арқау етеді.
Оқиға желісі онлайн қылмыстармен күресетін полиция қызметкерінің төңірегінде өрбиді. Алайда оның өз ата-анасы алаяқтардың құрбанына айналады.
Tolqyn Film Fund бас директоры Ернар Құрмашевтың айтуынша, фильм тек әлеуметтік мәселені көтеріп қана қоймай, нағыз отбасылық туындыға айналған. Оның сөзіне қарағанда, фильмде алаяқтардың құрбанына көбіне егде жастағы адамдар айналатыны бейнеленген.

Қазақстандағы венчурлық модель бойынша толықметражды фильмдерге инвестиция салатын алғашқы жеке киноқор үшін бұл — екінші жоба. Алғашқысы – режиссер Әлішер Өтевтің «Дәстүр: Теріс бата» фильмі, ол прокатта 876 миллион теңге жинаған. «Байқа! Алаяқ!» фильмінен де осындай жоғары нәтиже күтіледі.
Режиссер Дархан Саркенов отандық кино индустриясындағы ең өнімді авторлардың бірі. Оның «Қолыңнан келсе алып қаш» фильмі прокатта миллиардтан астам табыс тапқан.
Фильмде Қуандық Шәкіржанов, Бақыт Әліпбаева, Жазира Еркін, Бексұлтан Піләл және Жахан Отарғалиев сынды актерлар ойнайды.
Бұл — менің басты рөлдердің бірін сомдаған алғашқы ірі жобам. Мен алаяқтарға қарапайым адамдар арасынан құрбандар табуға көмектесетін дропперді ойнаймын, — деді Бексұлтан Піләл.
