Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша, Қазақстанда мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру жарияланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тиісті құжат бойынша, 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар 2026 жылғы наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында әскер қатарына шақырылады.
Жарлық «Қазақстан Республикасының қорғанысы және қарулы күштері туралы» заңы мен «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңы негізінде қабылданған.
Сонымен қатар белгіленген қызмет мерзімін өткерген әскери қызметшілер 2026 жылғы наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында запасқа шығарылады. Бұл шара Қазақстан Республикасының қарулы күштері, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі қатарында қызмет еткен сарбаздарға қатысты.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ азаматтар осы құрылымдарға мерзімді әскери қызметке жіберіледі.
Жергілікті атқарушы органдар жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастырып, оның өткізілуін қамтамасыз етеді.
Ал Қазақстан Республикасының үкіметі, сонымен қатар тиісті мемлекеттік органдар әскерге шақырылған азаматтарды әскери бөлімдерге жөнелту және қызмет мерзімін аяқтаған сарбаздарды запасқа шығару жұмыстарын қаржылай әрі материалдық жағынан қамтамасыз етеді.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

