Заман өзгерсе де, адам өзгерсе де Отанға адалдық пен қазақы тәрбие өміршеңдігін еш жоғалтпады. Нағыз патриот жасты тәрбиелеу – жауапты іс.
Baribar.kz тілшісі Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Гүласыл Аймағамбетпен елге адал азамат тәрбиелеу туралы сұхбаттасты.
«Пікірі бар адамды адал жолдан тайдыру оңай емес»
Гүласыл Аймағамбеттің пікіріне қарағанда, мектеп оқулығына енген барлық әдеби шығарма қазақы тәрбиеге негізделген. Дегенмен мектеп бағдарламасынан тыс тарихи, әдеби шығармаларды оқу да артық етпейді. Ол жеке пікірі мен көзқарасы қалыптасқан адамды адал жолдан тайдыру оңай емес дейді.
Әдеби шығарма оқыған бала жанашыр болып өседі. Өзгенің сезімі мен жай-күйіне түсіністікпен қарай бастайды. Мысалы, Сайын Мұратбектің «Жусан иісі» повесін оқу арқылы Аянның қайсарлығына тәнті болып, қамқор болу, достық пен адалдықтық не екенін түсінеді. Ал Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы әйел құқығы мен гендер теңдігі жайлы оқушылардың сыни көзқарасын қалыптастырады. Бұдан бөлек, оқушыларым Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын да оқыды. Романда елі үшін қиындықты еңсерген, уәдесіне берік азаматтың болмысы бейнеленген, — дейді Гүласыл Аймағамбет.
«Бала кішкентай кезінен жауапкершілікті сезінуі керек»
Мұғалімнің айтуынша, баланы кішкентайынан Отан алдындағы борышы мен жауапкершілікті сезінуге баулу керек.
Алдымызда отырған әр оқушы – жеке тұлға. «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Ұстаз баланың қабілетін байқап, дарыны мен талантын шыңдауға тиіс. Сонда бала өзінің дара екенін түсіне бастайды. Сөйтіп сөзі мен ісі ұштасқан жастар қатарынан бой түзейді. Әрбір жас өрен қабілетін ел игілігі мен ұлт мүддесіне бағыттауы қажет, — дейді мұғалім.
Ұрпақ тәрбиесі — ата-ана мен мұғалімге ортақ іс
Гүласыл Аймағамбеттің айтуынша, ұрпақ тәрбиесін тек мұғалімге жүктеп қоюға болмайды. Ең алдымен тәрбиенің іргетасын қалайтын жан – ата-ана.
Қоғам мұғалімге өте көп міндет жүктейді. Алайда ұрпақ тәрбиесіне ата-ана мен мұғалім тең көңіл бөлгені жөн. Бала үйде өз міндетін орындауға бейімделсе, қоғамда әр ісін жауапкершілікпен тиянақты атқарады. Ал ата-ана бала тәрбиесіне тым салғырт қараса, мұғалімнің айтқан ақылы мен берген білімі баланың бойына дарымайды, — дейді ол.
***
Тағы оқыңыз:
Жасөспіріммен патриотизм туралы іш пыстырмай қалай сөйлесуге болады?

