Мазмұнға өту
Басты бет / Cұхбат /

Дана әйел, пысық әйел. Таптаурындар қайдан шыққан?

Фото: Жасанды интеллект
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл – жай мереке емес, ХІХ ғасырдан бастау алған әйел құқығы, гендер теңдігі үшін күрескен тарихи күн. Осы орайда қазақ әйелі туралы санаға сіңген қасаң қағидаларды тізбектеп шықтық.
Қазақта «дана әйел» деген ұғым бар. «Пысық әйел», «әйелсің ғой, шыда» дегенді де жиі естиміз. Бастапқыда әйелдің даналығын мақтап, болмысын құрметтеу үшін айтылған да шығар. Ал қазір бұл мақтау сөз бе? Baribar.kz тілшісі психолог, психоанализ маманы Мейіргүл Бимағамбетпен әңгімелесіп, таптаурындарды талдап шықты.

«Әйелсің ғой, дана бол!»

Психолог Мейіргүл Бимағамбет дана әйел бейнесі бұрмаланып кеткенін айтады. Ол осының салдарынан біздің қоғамда шынайы дана әйел де, дана еркек те жоқ дейді.

Дана әйел парасатты, еркін, табанды, білімді әрі өзіне сенімді делік. Қазақ қоғамында өз шекарасын айқындап, құқығын қорғай алатын әйелді дана емес, тәрбиесіз, бетімен кеткен әйел деп елестетеміз. Демек, мұндай көзқарас төзімді, шыдамды, үндемейтін, көнбіс әйелге ғана «дана» деген лауазым беру үшін қалыптасқан. Бұл ұғымның бұрмалану себебі көп. Негізгі себеп – псевдопатриархал құрылым. Сонымен қатар жалған мінсіздікке ұмтылу нағыз даналыққа бөгет болып отыр, — дейді психолог Мейіргүл Бимағамбет.

Маманның айтуынша, еркекке ұл болғаны үшін ғана әуел бастан билік берілсе де, қазақ қоғамында нағыз билік ене мен әженің қолында. Себебі еркіндік діңгегі – қаржы, ал отбасында қаржыны көбіне ене басқарады.

Еркектегі биліктің аты бар, заты жоқ. Өйткені отбасында стратегиялық тұрғыдан маңызды шешімді бәрібір сол әулеттің анасы қабылдайды. Осы тұста, тек ақжаулықты аналарды жазғыруға болмайды. Бүгінгі ақжаулықты ана кешегі келін  екенін ұмытпаған жөн. Қызды қатал тәрбиелеп, оған көп жауапкершілік жүктейміз. Сондықтан қыз шартсыз мойындалуға ұмтылып, жалған мінсіз болмыстың құрбаны болады. Міне, осы жерде әйел көнбіс әрі бәріне ыңғайлы кейіпке еніп, жеке қалауын шетке ысырып, «мінсіз келін, дана әйел боламын» деп жаңылады, — дейді маман.

Әйелді біреудің анасы, әпкесі, қарындасы деп қана сыйлаймыз ба?

«Әйелдің, қыздың шалыс басқан қадамы күйеуінің, ағасының, әкесінің атына кір келтіреді» деген түсінік бар. Психологтың айтуынша, әйелді тұлға деп қабылдамаудың бейсанадағы себебі — кінә сезімі. Әйелдің «Мен шартсыз қабылдау мен мойындауға лайық емеспін. Бәлкім, сол себепті кінәлімін» деген ойы өзін кінәлауды арттыра береді дейді.

Жоғарыда айтқанымдай, ұлды ұл болып туғаны үшін бірден мойындаймыз. Ал қызға көп жауапкершілік пен міндет жүктейміз. Әрине, мұның бәрін мінсіз орындау мүмкін емес. Сондықтан бейсанада «мен шартсыз қабылдау мен мойындауға лайық емеспін, мүмкін мен біреуден кем шығармын, демек, өзім кінәлімін» деген қате түсінік қалыптасады, — дейді Мейіргүл Бимағамбет.

Психологтың пікірінше, отбасында өзін еркін қожайын сезіне алмайтын ерлер бар. Олар әйелдің бейсанасындағы кінә сезімін бірден байқайды.

Кінә сезімі әйелдің еріне жағынуға тырысқанынан, жалпақтағанынан, асты-үстіне түскенінен-ақ байқалады. Сөйтіп ақыры соңында еркек әйелді өзіне сенімді жеке тұлға деп қабылдай алмайды. Мен әйелді де, еркекті де жазғырмаймын. Бұл бейсаналы процесс екенін түсіндіргім келеді, — дейді ол.

Пысық әйел

Пысық әйел деген атау бар. Әйелді бәріне үлгеріп, ақша да тауып, баласын да бағып, тамағын да жасап, үйін де жинап, қонағын да күтіп жүргені үшін, яғни, «функциясына» бола жақсы көру, мақтау, сыйлаудың салдары бар.

Маман пысық әйел деген сипат сол мінсіз даналыққа ұмтылудан туған дейді. Себебі шартсыз мойындалмау салдарынан әйелдің бейсанасында үнемі бір кем дүние болады.

Бір кем дүние – іштей жеткіліксіз сезім. Осы бір кем дүние әйелді пысық болуға итермелейді. Демек, әйел бәріне үлгеріп, мақтау сөз естуге ұмтылады. Әйелді «функциясына» бола жақсы көрудің салдары — осы. «Пысық әйел» деген лауазымды алмаған әйелдің ішкі күйі эмоциялық құлдырауға, депрессияға ұласады. Нәтижесінде, сөз басында айтқанымдай, ұлын «піштіріп», келінін «бүктіріп» отырған әулеттегі авторитар, матриархат, қатал ене болмысы қалыптасады, — дейді психолог.

«Әйелсің ғой, шыда!»

Отбасыдағы зорлықты, қысымды, «құқығымды шектеу» деп емес, «мен әйелмін ғой, көнейін» деп қабылдайтын әйелдер бар. Мейіргүл Бимағамбет псевдопатриархат салдарынан ерлер қауымы әлсіз тұсын мойындауы мүмкін емес деп есептейді. Оның айтуынша, «әйелмін ғой, көнейін» деген ұстанымды өзін іштей кінәлі сезінетін әйел оңай әрі тез қабылдап алады.

Бұл да сол шыдасам, көнсем, үндемесем, әйтеуір мені қабылдайды, мойындайды деген үміттен шығады. Мұның бәрі — сана түкпірінде жасырын жатқан бейсаналы процесс.., — дейді ол.

«30 жасында 7 бала туған, бәрекелді»

Қоғам отбасындағы ішкі қарым-қатынасқа көз жеткізбестен, көпбалалы әйелді үлгі ететінін байқаймыз. Бұған БАҚ бетінде «30 жаста ғана болып, 7 бала босанған бақытты ана» деген сияқты мақалалар дәлел. Сондай мақаланың астына жұрт бұл әйелді мақтап, әлі күйеуге шықпаған, күйеуге шықса, бала туа қоймаған қыздарға үлгі етіп жатады. Солай қоғамда көпбалалы әйел мансап құрған қыздан бір саты жоғары тұратындай әсер сезіледі.

Маманның пікірінше, матриархатқа жету – көпбалалы ана болудың «жасырын пайдасы». Демек, бала көп болған сайын әйелге жақтас көбейеді дейді.

«Мен сендерді дүниеге әкелдім, мен сендерді басқарамын» деген жасырын, жазылмаған ереже бар. Осы түсінік әйелді көп балалы ана болуға итермелейді. Әрине, бұл жерде ақыл, білім, көрегендіктен бұрын билікті қолға алуға әйелді жақтап, қоштайтындардың көп болуы ықпал етіп отыр, — дейді психолог.

Мейіргүл Бимағамбеттің қабылдауына барған жас қыздардың, әсіресе, үйдің үлкені немесе ұл дүниеге келмеген отбасыдан шыққан бойжеткендердің жиі айтатын шағымы – күйгелек болуып кету, паникалық атака. Психологтың айтуынша, мұның себебі мінсіз даналыққа ұмтылу, жоғарыда аталған лауазымдарға жете алмау, еш себепсіз өзін кінәлі сезіну.

***

Тағы оқыңыз:

Отбасының жаңа моделіне қалай бейімделеміз? Психолог жауап берді