Не болды?
Былтыр әлеуметтік желіде «-ов» пен «-ева» жұрнағынан арыл» деген эстафета басталған еді. Тегін түзеткендердің айтуынша, аты-жөнін ресми қазақша жазу өзін іштей тәуелсіз сезіндірген. Тектегі «-ов» пен «-ева» — орысша жұрнақ. Қазақтың тегінде мұндай жұрнақ болмаған. Бұл жұрнақ қазақтың тегіне отарлау кесірінен қосылған.
Baribar.kz жеке куәліктен бастап, барлық құжаттағы текті қалай қазақшалауға болатынын түсіндіреді.
Құжат өзгертудің қанша қадамы бар?
1-қадам. Қазіргі мекенжайыңызға жақын жердегі ХҚКО-ға (Халыққа қызмет көрсету орталығына) барасыз. Тегіңізді түзетіп, жеке куәлікті өзгерту қажет екенін айтасыз.
2-қадам. ХҚКО-ға кіретін АХАТ (Азаматтық хал актілерін тіркеу) органына «Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру, оның ішінде АХАЖ-ға (азаматтық хал актілері жазбаларына) өзгерту, түзету, толықтыру енгізу» бойынша өтініш бересіз.
Өтінішті тіркеу құны – 2 АЕК. Биылғы белгіленген сома бойынша, бұл — 8 650 теңге.
Өтініштің ең аз қаралу мерзімі – бес жұмыс күні. Кейде өтініш 30 күн бойы қаралып, жауабы кешігуі мүмкін.
Өтініш қаралған соң, Азаматтық хал актілерін тіркеу органы сіздің тегіңізге өзгеріс енгені туралы анықтама береді.
3-қадам. Жаңа жеке куәлік рәсімдейсіз.
4-қадам. Жаңа жеке куәлік негізінде жүргізуші куәлігін, төлқұжатты ауыстырасыз.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру құны — 1,25 АЕК. Бұл биыл — 5 406 теңге.
Төлқұжатты ауыстыру құны (36 беттік) — 8 АЕК. Бұл биыл — 34 600 теңге. 48 беттік төлқұжат – 51 900 теңге (12 АЕК)
Жеке куәлікті ауыстыруға қажет құжат тізімі қандай?
- туу туралы куәлік;
- ауыстыру қажет жеке куәлік;
- екі дана 3:4 см көлемдегі фотосурет;
- мемлекеттік баж салығын төлегенін растайтын түбіртек немесе баж төлеуден босатылғанын растайтын құжат;
- қажет болса, атын, тегін немесе әкесінің атын не себепті ауыстырып жатқанын растайтын қосымша құжат.
Аты-жөніңіз орысша жазылған болса, не істеу керек?
Атын, тегін, әкесінің атын өзгерткенде жиі кедергі болатын мәселе – түбірі орысша сөз. Түбірі қазақша есім екенін дәлелдеу үшін Алматыдағы Тіл институтының Ономастика бөлімінен онлайн немесе офлайн барып, анықтама алу керек.
«Мысалы, Сариевты – Сары, Жунисалиеваны – Жүнісәлі, Жокешованы – Жөкеш деп түзеу қажет болса, «-ов, -ева» жалғауларын алып тастаған жеткіліксіз. Лингвист сарапшының арнайы анықтамасы қажет», — дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лингвист маманы Дана Пашан.
Мұндай анықтаманы кез келген лингвист жазып бере алмайды. Тек Ономастика (атаудың шығу тарихын зерттейтін сала) саласы бойынша кандидат, доктор дәрежесі бар, онда да сарапшы ретінде бағаланған лингвистің ғана мұндай анықтама беруге құқы бар.
Институт Алматыдағы Құрманғазы көшесіндегі 29-үйде орналасқан. Басқа қала тұрғындары анықтаманы онлайн ала алады. Бұл үшін туу туралы куәлік пен жеке куәліктің электрон нұсқасын Тіл білімі институтына жолдау керек. Институттың электрон мекенжайы мынадай: [email protected]
Анықтама дайындау қызметі 5-10 мың теңге тұрады. Есімді зерттеу күрделі болса, бұл сома арта беруі мүмкін. Жалпы, анықтама құнын лингвист сарапшы өзі бекітеді. Лингвист сарапшы ұсынған анықтаманы ХҚКО-ға апарып, мамандарға көрсетесіз.
Жеке куәлікті рәсімдеу құны қанша тұрады?
Жеке куәлікті рәсімдеу үшін мемлекеттік баж салығын төлеп, түбіртегін ХҚКО-дағы қызметкерлерге тапсыру қажет.
- 15 жұмыс күнінде дайындау құны – 0,2 АЕК (айлық есептік көрсеткіш). 2026 жылғы белгіленген сома бойынша, 0,2 АЕК 865 теңгеге тең.
- Ал жедел рәсімдеу үшін Алматы, Астана тұрғыны болсаңыз, 3 493 теңге төлеп, бір жұмыс күнінде, басқа қалаларда үш жұмыс күнінде, аудандарда жеті жұмыс күнінде алуға болады.
- Жедел рәсімдеу құнын жергілікті ХҚКО-ға барып, сұрау қажет.
Мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған азаматтар:
- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
- соғыс кезінде тылда еңбек еткен әскери қызметкерлер;
- мүгедектігі бар азаматтар.
Тегін өзгерткендер тағы қандай құжаттарды қайта рәсімдеуге тиіс?
Азаматтық хал актілерін тіркеу, өзгеріс енгізу туралы заңның 5-тарауы бойынша, атын, тегін, әкесінің атын өзгерткен азамат бір ай ішінде жеке басын куәландыратын құжаттарды да қайта рәсімдеуге тиіс.
Демек, жаңа жеке куәлік негізінде мына құжаттарды өзгерту қажет:
- төлқұжат;
- неке қиғаны туралы куәлік;
- жүргізуші куәлігі;
- зейнетақы келісімшарты.
Осы құжаттарды жаңалайтын жерге барғанда тегіңіз өзгергенін растайтын АХАТ органы ұсынған анықтаманы көрсетуді ұмытпаңыз.
- Неке қиғаны туралы куәлікті ауыстыру үшін ХҚКО-ға барып өтініш жазасыз. Рәсімдеу уақыты – беc жұмыс күні, қызмет құны – 2 АЕК (8 650 теңге).
- Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін мамандандырылған ХҚКО-ға барып, өтініш жазасыз. Рәсімдеу уақыты – 1 сағат, қызмет құны – 5 406 теңге.
- Зейнетақы келісімшартына өзгеріс енгізу үшін АХАТ органы ұсынған анықтаманы жұмыс берушіге көрсетесіз. Содан соң жұмыс беруші базадан сіздің аты-жөніңізді жаңартады.
Ал мектеп аттестатын, колледж бен ЖОО дипломын өзгертудің қажеті жоқ.
