Алматыда жөндеу жұмыстарына байланысты Серіков көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін Тілендиев көшесін ұзарту жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осыған байланысты 14 ақпаннан 30 маусымға дейін Серіков көшесінің Хамит Алтай көшесімен қиылысында қозғалыс толықтай жабылады. Аумақты Қуанышбаев және Майқанова көшелері арқылы айналып өтуге болады. Жөндеу жүргізіліп жатқан жерде ескерту белгілері орнатылып, мердігер ұйым басшысының байланыс дерегі көрсетілген ақпараттық тақта қойылады. Қала тұрғындары мен жүргізушілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау сұралады, — делінген хабарламада.
Еске салайық, көлік қозғалысына қатысты шектеулер туралы ақпарат @AlmatyJoly Telegram-арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілерінде, сонымен қатар 2GIS және Яндекс карталары қолданбасында жарияланады.
