Президент қысқы олимпиада ойындары мен паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне ҚР Мемлекеттік туын табыстады.
Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Мемлекет басшысы Италияда өтетін XXV қысқы олимпиада ойындары мен XIV қысқы паралимпиаданы әлемдегі ең беделді спорттық дода ретінде атап өтті.
Президенттің айтуынша, олимпиадаға 40-қа жуық қазақстандық спортшы қатысады. Олар спорттың 10 түрінен сынға түседі. Құрама мүшелерінің жартысынан көбі олимпиадаға алғаш рет барады.
Қысқы олимпиадаға жолдама алу үшін спортшыларымыз үлкен іріктеуден өтті. Түрлі халықаралық жарыстарда 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан спортшыларының бұған дейінгі қысқы олимпиададағы жетістіктерін еске салып, отандық спорт тарихында есімі алтын әріппен жазылған спортшыларды атап өтті.
Әр спортшының абыройы – барша қазақтың беделі. Барша халқымыз сіздерге жанкүйер болады. Баптарыңыз бен бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен ораласыздар деп сенемін, – деді мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туды ұлттық құрама мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға, сонымен қатар Қазақстан паралимпиадалық командасының өкілі Ербол Хамитовқа табыстады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияда XXV қысқы олимпиада ойындары өтеді.
Естеріңізге салайық, спорт додасын қазақ көрермен Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады.
Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарында киетін формасын таныстырған еді.
Спортшылардың есімі белгілі болды.
