Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясы табысты аяқталғанын мәлімдеп, олардың орнына жаңа мемлекеттік орган – Халық кеңесі құрылатынын айтты.
Президенттің сөзіне қарағанда, Халық кеңесі жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес құрамына елдегі барлық этнос өкілдері, халық топтары мен аймақтар қатысады.
Халық кеңесі жаңа мемлекеттік орган болады. Оның құрамын 126 адамнан жасақтау ұсынылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халық кеңесінің құрамы мынадай болады:
-
этно-мәдени бірлестіктерден – 42 адам;
-
ірі қоғамдық ұйымдардан – 42 адам;
-
мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 адам.
Халық кеңесінің мүшелерін президент тағайындайды. Ал кеңес мүшелері өз ішінен төрағаны сайлайды, сонымен қатар төрағаның екі орынбасары болады.
Мемлекет басшысы Халық кеңесіне заңнамалық бастамалар көтеру құқығын беру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл кеңестің мәртебесін күшейтеді. Сонымен қатар Халық кеңесі ұлтаралық келісім мәселелеріне жауапты болады.
