Өскеменде құбыр жарылып, бірнеше аудан сусыз қалды

Өскеменде магистральді су құбыры жарылып, салдарынан бірқатар шағынауданда ауызсу беру уақытша тоқтатылды.

Бұл туралы «Репортер» Telegram-арнасы хабарлап отыр.

Апат Беспалов көшесінің маңында тіркелген. Мамандардың мәліметінше, диаметрі 400 миллиметр болатын негізгі су желісі зақымданған. Соның салдарынан қаладағы бірнеше аумақ толықтай сусыз қалған.

Қазіргі уақытта Мирный кенті мен оған іргелес аудандарда ауызсу жоқ. Атап айтқанда, Севастопольская, Виноградов, Микоян, Карбышев көшелерінің тұрғындары, сонымен қатар Назарбаев даңғылы бойындағы үйлер су тапшылығына тап болды.

Жеке сектор тұрғындарының айтуынша, аяз күшейсе, құбырлар қатып, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін.

Оқиға орнына жедел түрде жөндеу бригадалары жіберіліп, апатты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда су қашан толық қалпына келетіні әзірге нақтыланбады.

«Өскемен Водоканал» кәсіпорны тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету үшін уақытша су тасымалдау ұйымдастырылғанын хабарлап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да