Павлодарда қар құрсауында қалған балықшылар құтқарылды. Құтқарылған қос азамат Екібастұз қаласына жеткізілген. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.
Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаменті хабарлап отыр.
112 қызмет пультіне Павлодар облысындағы Бәсентин көлінің маңында жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойғаны, көлік салонында екі адам бары туралы ақпарат түсті. Жолаушылар балық аулау мақсатымен шыққан. Алайда қалың қарда көліктері тұрып қалып, өз беттерімен шыға алмаған, — делінген хабарламада.
Департаменттің құтқарушылары қажет құтқару жабдықтарымен толық жабдықталған техникамен дереу көмекке шыққан. Қалың қар мен жолдың қиындығына қарамастан, құтқарушылар оқиға орнына барынша жедел жетіп, қар құрсауында қалған екі балықшыны эвакуациялады.
