Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Енді мигранттар қазақ тілінен тест тапсырады

Фото: Qazaqstan.tv

Не болды?

Үкімет 2025 жылғы желтоқсанда 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін қабылдады. Оны премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсіндіріп берді.

Мәлімет

Министрдің сөзіне қарағанда, қазір көші-қон саясаты қоғамдағы, экономикадағы және әлемдегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан «заң және тәртіп» қағидасының сақталуы басты назарда болады.

Заң бәріне ортақ. Сондықтан көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік елге кіргеннен бастап, елден шыққанға дейін қамтамасыз етіледі, деді Аида Балаева.

Жаңа тәртіп

Аида Балаеваның айтуына қарағанда, 2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама,  уәкілетті органдардың тексеруі және әңгімелесу кіреді.

Мемлекеттік жеңілдік пен қолдау бағдарламасын пайдалану үшін олар қандас статусын рәсімдеуі керек. Содан кейін еңбек күші тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстануы керек. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде бес жылға әлеуметтік келісімшартқа қол қояды. Мемлекет оларға көмектеседі. Егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады, – дейді министр.

Мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен елімізде тұрақты тұруға рұқсат алуға да болады. Бұл жағдайда азаматтар өңірді өз қалауынша таңдай алады.

Аида Балаева жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізілетінін айтты. Қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді.

Exit mobile version