Қазіргі таңда кең таралған қылмыстың бірі – интернеттегі алаяқтық. Бұл туралы ақпарат кеңінен айтылып жатса да, жас, жынысқа қарамастан, алаяқтар құрығына ілініп жатқандар бар. Бас прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы 14 мыңнан аса киберқылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырдан 22% көп. Соның кесірінен 6 миллиард теңгеден аса залал келіп, оның 26%-ы жәбірленушілерге қайтарылған.
Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, интернетте алдау бойынша биыл Астана алғашқы орында тұр. 2025 жылдың алғашқы бес айында 1548 дерек тіркелген. Одан кейін Алматы қаласы (1 114 дерек), Қарағанды облысы (868 дерек), Павлодар облысы (861 дерек) және Ақмола облысы (792 дерек) тұр.
Қазақстанда интернет алаяқтықтың көптеген схемасы бар. Бұл материалда Алматыда кейінгі кезде белең алып кеткен интернет алаяқтықтың үш схемасына тоқталамыз әрі сақтану жолдарын баяндаймыз.
1-схема. «Салық декларациясын тапсырмапсыз!»
Бұған дейін алаяқтар «банк, пошта қызметкерімін» деп жиі хабарласып, талайды сан соқтырған еді. Уақыт өте алаяқтар схемасы түрленіп келеді әрі шындыққа жанасатындай небір айла ойластырып жүр. Соның бірі – мемлекеттік орган қызметкері болып қоңырау шалу.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар республиканың түкпір-түкпіріне, соның ішінде Алматы тұрғындарына да хабарласып, Салық декларациясын уақтылы тапсырмағанын айтады. Сол себепті банк шоттары бұғатталатынын ескертіп, мәселені тек үш күн ішінде шешу қажет екенін айтып қорқытады.
Әп-сәтте мұндай қысым көрген адам қалай алаяқтың құрығына түскенін байқамай да қалады. «Жеке басыңызды анықтау үшін телефоныңызға SMS-код барады» дегенге сеніп, сол кодты айтып береді. Осылай, алаяққа жеке шотына қол сұғуға мүмкіндік беріп, қаражатынан айырылады.
2-схема. «Ақшасы көп жұмысқа шақырамыз!»
Алматыға жұмыс істеймін деп келетін адамның қарасы көп. Адал еңбек етемін деген азаматтардың кейбірі алаяқтардың жаңа схемасының құрбаны болып жатады. Киберқылмыскерлердің мұндай алаяқтығы қалай жүзеге асады? Бұл туралы Бас прокуратура берген ақпаратын тарқатайық.
Интернет алаяқтары жұмыс іздейтін танымал платформаларға вакансия жариялайды. Аз талап қойып, көп табыс ұсынып, бос жұмыс орны бар екенін хабарлайды. Жұмыс іздеушімен байланысқан соң, әрі қарай жалған сайттардың сілтемесі мен сауалнамалар жібереді. Кей жағдайда жұмыс істеуге арналған мобайл қолданбаны телефонға орнату керек екенін айтады.
Осылай, алаяқтар азаматтардың жеке дерегіне қол жеткізеді және телефонын басқара алады. Тіпті шетелге (әсіресе, Оңтүстік Азия елдеріне) шақыратындары да бар: ІТ, сән, қонақүй бизнесі немесе call-орталықтардың «жұмысын ұсынатынын» айтады. Мұның соңы еңбек және сексуалдық құлдық, зорлық-зомбылық пен дене мүшесін трансплантациялауға дейін жетуі мүмкін.
3-схема. Жасанды интеллект және алаяқтар
Технология қалай қарқынды дамып жатса, киберқылмыскерлердің әрекеті де күннен-күнге жаңарып жатыр. Қазақстан ұлттық банкі кейінгі кезде жасанды интеллект арқылы жасалған видеороликтердің жиілегенін ескертеді. Қылмыскерлер Ұлттық банк басшылығының, құқық қорғау органдарының видеомәліметін қолданып, өздері өзгертіп дыбыстап шығады. Көңілге сенім ұялату үшін танымал тұлғалардың ғаламтордағы суретін пайдаланады. Адам шынайы сөйлеп тұрған сияқты көрсету үшін «дипфейк» технологиясын қолданады. Ал бейнематериалда алаяқтардан құрбан болғандарға «көмек» беретінін айтып, уәде етеді. Мұндай жалған жарнамалар түрлі әлеуметтік желіде өріп жүр.
Нейрожелі арқылы туысыңыздың даусын салып, сізден көмек сұрап та хабарласуы мүмкін. Әлеуметтік желіде белгілі тұлғалардың бейнесін пайдаланып, инвестиция ұсынамыз деген де жарнамалар жиі кездеседі.
Кибералаяқтың құрығына түспеу үшін нені білу керек?
- Мемлекеттік орган қызметкерлері ешқашан қоңырау шалып, дерек тексеру үшін SMS-код сұрамайды.
- Әлеуметтік желілердегі, сайттар мен платформалардағы кез келген сілтемені баспау керек.
- Жұмыс, оқу және визаға құжат рәсімдеу үшін жеке деректеріңізді жібермеңіз және қаражат аудармаңыз.
- Кез келген видеохабарламалардағы бейненің жасанды мимикасына, сөйлеуіне, терісінің түсіне мұқият мән беріңіз.
- Телефон қолданбаларын тек Google Play, App Store-дан жүктеңіз.
- Чаттарға, топтарға, бейтаныс нөмірге жеке басыңызды куәландыратын құжат, банк карталарының суретін жібермеңіз.
- Аватарында банк, дүкен, мемлекеттік органның логотипі бар нөмірлерден «SMS-кодты айтып жіберіңіз» деген секілді күмәнді хабарламаларға жауап бермеңіз.
- «Алаяқтардан қорғаймыз» деген мазмұнда хабарласып, код сұраса да, сеніп қалмаңыз.
- Әлеуметтік желідегі парақшаларыңызда да өзіңіз туралы тым көп ақпарат бермеңіз. Қай жерде келе жатқаныңызды, басыңыздан не өтіп жатқанын және осы сияқты жеке өміріңіздегі жаңалықтарды әлжеліге сол мезетте жайып салмаңыз. Тым әккі алаяқтар торына түсіру үшін көздеген адамының психикалықжай-күйін де алдын ала зерттеуі ғажап емес.
Интернеттегі алаяққа алданып қалсаңыз, не істеу керек?
- Күдік тудыратын мәлімет алсаңыз, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлаңыз.
- Банкке барып не телефон шалып, картаңызды бұғаттап тастаңыз.
- Біреуіне алданғаныңызды сезсеңіз, екінші, үшінші қоңырауларға сеніп қалмаңыз. Киберқылмыскерлер адам үрейленіп тұрғанын біліп, «алаяқтардан қорғаймыз» деген жалған желеумен одан әрі қарызға батыруы мүмкін.
