Ақмола облысындағы Масал темір кен орны базасында салынатын тау-металлургиялық кешен 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Құрылыс кезеңінде 3000 адам, ал зауытты пайдалануға берген уақытта 4000 адам жұмыспен қамтылады. Біз жоғары маркалы болатты өндіргіміз келеді. Себебі, қазір Қазақстан жылына бір жарым миллион тонна болатты толықтай шетелден, негізінен Ресейден импорттайды. Бізде болат құятын зауыттың мүмкіндігі жоғары емес – ол жылына 940 мың тонна болат өндіреді. Бүгінде бұл жаңа үрдіс болып саналады, себебі кәсіпорын мобильді болуы қажет. Олар кез келген уақытта қайта құрылып, дәл қазір бизнес пен өнеркәсіпке қажетті заттарды өндіруі тиіс», – деді қазақстандық журналистерге берген сұхбатында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов.
Сондай-ақ басқарма төрағасы Масалдың титан-магнетиттік – құрамында ванадийі бар темір кен орны екендігін атап өтті.