Асық атудан Қазақстан чемпионы анықталды

«Асық ату» федерациясының қолдауымен өткен Көкшетаудағы ел чемпионатына 8 команда қатысты. Олар: Астана, Көкшетау қалалары, ОҚО, СҚО, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда мен Ақмола облыстарының құрама командалары. Үш жігіт, үш қыз болып іріктелген әр командада жігіттер мергендіктерін сынап, «Бес табаннан» жарысты. Ал қыздар бар шапшаңдығын ортаға салып, «Бес асықтан» өнерлерін көрсетті.

Жалпы есеп қорытындысы бойынша төмендегі командалар жүлделі орындарға ие болды:

І орын: Астана қаласы командасы;

ІІ орын: Жамбыл облысы командасы;

ІІІ орын: Қостанай облысы командасы;

Қыздар арасындағы бес тас ойынынан жеңіске жеткендер:

І орын: Қостанай облысының қыздары;

ІІ орын: СҚО командасының қыздары;

ІІІ орын: Ақмола облысының қыздары;

Сондай-ақ, «Асық ату» федерациясының вице-президенті Ж. Сабыржанұлы асық ойынын дамытуға үлес қосып жүрген спортшылар мен ұйымдастырушыларды естелік сыйлықтармен марапаттады.

«2011 жылы алғашқы фестиваль өткен болатын. Содан бері жыл сайын ҚР чемпионаты өткізіліп келеді. Енді жылына бір чемпионат және ҚР кубогі өткізіліп тұрады. Биылғы жылдың бір ерекшелігі – біз мүмкіндігі шектеулі жандар арасында асық атудан алғаш рет ҚР чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз. Есту мүшесінде кемшілігі бар жандар арасында өткіземіз. Қазір оған дайындықтар жүргізіліп жатыр», — деген Жомарт Сабыржанұлы алдағы жоспарларымен бөлісті.

Вице президентті айтуы бойынша, Expo-2017 халықаралық көрмесі аясында шілде айында Астанада асық атудан «Алтын сақа» халықаралық турнирі өтеді. Оған Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да елдерден спортшылар келеді деп күтілуде.

Айта кетейік, 27-29 мамырда Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы атындағы жарыс және асық атудан халықаралық ашық турнир өтеді.

ДереккөзBaq.kz