2025 жылғы 1 қазанға дейін 11 012 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, 1991 жылдан бері елге 1 млн 159,1 мың этникалық қазақ қоныс аударған.
Биыл келген қандастардың 45,7%-ы – Өзбекстаннан, 42,1%-ы – Қытайдан, 4,5%-ы – Түрікменстаннан, 2,6%-ы – Ресейден, 2,6%-ы – Моңғолиядан және 2,5%-ы басқа елдерден келген.
Этникалық қоныс аударушылардың 58,4%-ы еңбекке қабілетті жаста, 32,8%-ы – балалар, 8,8%-ы – зейнеткерлер. Қандастардың 15,3%-ы жоғары білімді, 28,4%-ы орта кәсіби, 50,6%-ы жалпы орта білімді.
Қоныс аударушылар елдің түрлі өңірлеріне орналастырылды. Еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары айқындалды.
2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адам болды, ал 1 қазанға дейін 1 725 адам сол өңірлерге қоныстанған. Мемлекет көшуге және тұрғын үй жалдауға арналған субсидия түрінде қолдау көрсетеді: көшуге — отбасы мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге), тұрғын үй мен коммуналдық төлемдерге — ай сайын 15–30 АЕК (59–118 мың теңге) аралығында.
Жыл басынан бері 916 қандас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, олардың 277-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Ол тұрғын үйдің 50%-ына дейін немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін өтеусіз көмек түрінде беріледі.

