Не болды?
2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағының артығын стоматологиялық қызметке пайдалану үшін өтінім қабылдау тоқтайды. Бұл туралы «Отбасы банк» қолданбасында хабарланды.
Мәлімет
Құрметті клиенттер, 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап Еnpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша өтінім қабылданбайды. Осы күнге дейін берілген өтінімдер штаттық режимде орындалады. Өтінім қабылдаудың қайта басталатын күні туралы банк тағы хабарлайды, – делінген хабарламада.
Контекст
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі шын мәнінде көрсетілмеген стоматологиялық қызметтердің атын жамылып, БЖЗҚ-дан шамамен 200 млрд теңге ұрланғанын анықтаған еді. Бұл туралы ҚМА басшысы Жанат Элиманов 9 қыркүйекте президентке баяндаған.
Бағдарлама 2021 жылы іске қосылғаннан бері стоматология зейнетақы жинақтарын пайдаланудың ең танымал бағыттарының бірі болды. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы опцияның танымалдығы оның алаяқтық схемаға айналуына түрткі болған.

