2019 жылдан бастап дәрігерлер электронды жүйеге көшеді

2019 жылдан бастап медициналық тиісті іс-қағаздар бірден электронды жүйеде толтырылады. Сондай-ақ әр азаматтың денсаулығы жөнінде ақпарат жинақталған электронды паспорт болады.

Ақ халат дәрігер
©24.kz

Медицина қызметкерлері әлі күнге дейін қағазбастылықтан құтылар емес. Алдымен атқарған жұмысын жазбаша толтырады. Сосын жазғандарын электронды жүйеге енгізеді. Осылайша екі бірдей жұмысты атқаруға мәжбүр. Аталған олқылықтарды сала басшысының өзі жайып салып, шешімін айтты.

Бұл мәселе Елжан Біртановтың айтуынша келер жылдың соңына дейін шешілуі тиіс. Ол үшін министрлік әкімдіктермен бірлесіп, барлық денсаулық сақтау мекемелерін ақпараттық технологиялармен жабдықтау жұмысын жүргізеді.

Нәтижесінде 2019 жылдан бастап тиісті іс-қағаздар бірден электронды жүйеде толтырылады. Сондай-ақ әр азаматтың денсаулығы жөнінде ақпарат жинақталған электронды паспорт болады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: – Қазір біз бұл жобаны пилоттық жүйеде енгізіп жатырмыз. Шілде айына дейін аяқтаймыз. Ал келер жылдың 1 қаңтарына дейін электронды жүйеге азаматтардың денсаулығы жөнінде бар ақпаратты енгіземіз. Содан кейін әр азамат Денсаулық сақтау министрлігінің электронды порталында өзінің төлқұжатының жеке сәйкестендіру нөмірін теріп, қажетті ақпаратты көре алады.

Дереккөз24.kz