Басты бетЖаңалықтарМәжіліс депутаты: Қазақстанда жер деградациясы күшейіп барады

Мәжіліс депутаты: Қазақстанда жер деградациясы күшейіп барады

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров премьер-министр Олжас Бектеновке мемлекетке қайтарылған жерлердің көп бөлігі әлі күнге дейін игерілмей жатқанын айтып, депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың сөзіне қарағанда, президенттің жолдауында атап өтілгендей, әкімдіктер қайтарылған жердің жартысына жетпейтінін ғана жаңа пайдаланушыларға үлестірген. Бұл шамамен 6 миллион гектар. Ал қазірдің өзінде 7,5 миллион гектар жер бос тұр, сонымен қатар 82,9 миллион гектар босалқы жер тиімсіз пайдаланылып отыр.

Сонымен қатар 29 миллион гектардан астам жер деградацияға ұшыраған, оның ішінде 3 миллион гектарға жуығы тұзданып кеткен. Оның айтуынша, Қазақстанда жердің көміртекті егіншілікке жарамдылығы мен деградациясы туралы деректерді жинақтайтын орталықтандырылған ақпараттық жүйе жоқ.

Осыған байланысты ол үкіметтен:

  • ауылдағы 7,5 миллион гектар бос жерді ашық және әділ үлестіруді;

  • Жер ресурстарының цифрлық картасын және Жайылымдар кадастрын шұғыл іске қосуды;

  • нақты жер деректерін кадастрлық мәліметтермен біріктіруді талап етті.