Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік желілерде тараған бейнероликтегі жағдайдың еліміздің мектептері мен білім беру жүйесіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеп отыр.
Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы заңнамада мектеп формасына қатысты барлық құқықтық негіздер нақты бекітілген. Қыздар мен ұлдарға арналған мектеп формасының үлгісі арнайы бұйрықта айқын көрсетілген және ол оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді.
Мектеп формасы классикалық стильде, бірыңғай түсті гаммада жасалуға тиіс. Үш түстен артық түсті араластыруға жол берілмейді, ал таңдалатын түстер қалыпты әрі ашық емес болуы қажет. Сонымен қатар мектеп формасына діни конфессияларға тән киім элементтерін қосуға қатаң тыйым салынған, — делінген хабарламада.
Министрлік аталған талаптар бірыңғай мектеп формасын сақтау және зайырлы қағидаттарды нығайту мақсатында енгізілгенін атап өтті.
Ата-аналар мектеп жарғысы мен белгіленген талаптарды орындауға міндетті. Бұл ережелерді сақтамаған жағдайда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілік қарастырылған, — делінген хабарламада.