Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылғы 25 тамызда аграрлық сектор мен су үнемдеу саласында қол жеткізілген жетістік туралы хабарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, Қызылорда облысында Ы. Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа күріш сортын сынақтан өткізіп жатыр. «Сыр сұлуы» деп аталатын бұл сорт аз уақытта пісіп-жетілетіндіктен, суды да аз қажет етеді.
Сынақ нәтижелері көрсеткендей, жаңа күріш сорты 105-110 күнде пісіп-жетіліп, жергілікті ауа райы мен топыраққа толық бейімделген. Барлық агротехникалық талап орындалған жағдайда гектарынан 80-85%-ға дейін өнім алуға болады, — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында негізінен ресейлік күріш сорттары өсіріледі. Олар толық пісіп-жетілу үшін 120-125 күн уақыт алады.