Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот үкімі шықты.
Сот Ернар Жиембайды кінәлі деп тапты. Ол тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ, яғни, Ернар Жиембайдың адвокаттары үкіммен келіспеген жағдайда шағымдана алады.
Еске салайық, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдекім оқ атып кеткен еді. Оқиға әкімдік ғимаратының маңында болған. Руслан Берденовке үш рет оқ атқан.
Сотталушы Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пралиев әлеуметтік желідегі жазбасында жәбірленушінің жарақаттары туралы ресми ақпаратпен келіспейтінін жеткізді.
Руслан Берденов сотта полиграф арқылы жауап беруге дайын екенін айтты.
Прокурор Ернар Жиембайды 11 жылға соттауды сұрады.