Басты бет Жаңалықтар Шымкентте Руслан Берденовке оқ атты

Шымкентте Руслан Берденовке оқ атты

Фото: Мәжіліс
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдекім оқ атты. Оқиға әкімдік ғимаратының маңында болған. Руслан Берденовке үш рет оқ атқан.

Руслан Берденов тірі. Қазір операцияда. Оған үш рет оқ атылды. Екі оқ тиді. Өмірлік маңызды дене мүшелері зақымдалмады, – деп жазды журналист, блогер Бейбіт Әлібеков.

Шымкент әкімінің орынбасары қалалық аурухаға жеткізіліп, операция жасалған. Денсаулық сақтау басқармасы «Руслан Берденовтің өміріне қауіп жоқ» деп пікір білдірді.

Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ. Пациенттің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында, – делінген хабарламада.

БАҚ-та Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты түрлі долбар жазылып жатыр. «Руслан Берденовті атқан әкімдік қызметкері» деген де ақпарат тарады. Ресми органдар әзірге бұған қатысты ешқандай ақпарат берген жоқ.

Шымкент полициясы күдікті адамды ұстағанын, ол уақытша ұстау изоляторында отырғанын хабарлап отыр. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Exit mobile version