Не болды?
Руслан Берденов ісін жүргізіп жатқан судья Әбинұр Қарабаев сотта журналиске тілін шығарған. Бұл туралы сот процесінен хабар таратып отырған журналист Ботагөз Омарова жазып отыр.
Мәлімет
Журналистік тәжірибемде талай нәрсе көрдім, бірақ сот залында судьяның… тіл шығарып, көрсеткенін алғаш рет көруім. Айтпақшы, Тибетте тіл шығару – амандасудың белгісі екен. Бәрі жақсы болар еді, достар… Егер мен Тибетте жүрсем. Ал мен Шымкенттемін! Сондықтан әлі ойланып отырмын: судья Қарабаев не айтқысы келді екен?.. — дейді журналист Ботагөз Омарова.
Әбинұр Қарабаевтың әрекетіне қатысты қызметтік тексеріс тағайындалды. Кейінірек бұл мәселе судья этикасы жөніндегі комиссияда қаралады.
Судья өз абыройын түсіретін қылық жасағаны расталса, материал Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сот жюриіне жолданады, — делінген хабарламада.
Контекст
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдекім оқ атып кеткен еді. Оқиға әкімдік ғимаратының маңында болған. Руслан Берденовке үш рет оқ атқан.
Шымкентте сот болып жатыр. Сотталушы Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пралиев әлеуметтік желідегі жазбасында жәбірленушінің жарақаты туралы ресми ақпаратпен келіспейтінін жеткізді.
Руслан Берденов сотта полиграф арқылы жауап беруге дайын екенін айтты.
Прокурор Ернар Жиембайды 11 жылға соттауды сұрап отыр.