Не болды?
2023 жылғы 28 қазанда Костенко шахтасында жарылыс болған еді. Апаттан соң 46 кеншінің мәйіті табылған. Сот шахта басшылығын бес жылдан сегіз жылға дейін соттады. Бұл туралы КазТАГ хабарлап отыр.
Сот үкімі
Сот
- шахта директоры Сергей Мустивкоға сегіз жыл бас бостандығынан айыру;
- кеніш директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вадим Еремин, бас инженер Николай Грознов және №6 учаске бастығы Виктор Коптенковтың әрқайсына жеті жыл бас бостандығынан айыру;
- бас инженердің техникалық қызмет жүргізу жөніндегі орынбасары Владимир Гоноченкоға алты жарым жыл бас бостандығынан айыру;
- бас инженердің қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Дмитрий Федоренко, бас механик Дмитрий Коцар және шаң мен жарылыстан қорғау учаскесі бастығының көмекшісі Виталий Пестряктың әрқайсына алты жыл бас бостандығынан айыру;
- конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдушев пен желдету және қауіпсіздік бөлімінің бастығы Владимир Шишкановқа бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді.
Олардың қамауда болған уақыты жаза мерзіміне кіреді.
Айыптылардың кінәсі
Сот бұл айыпталғандар — Костенко атындағы шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық персонал 46 кеншінің өліміне және 20-дан астам адамның мүгедек болып қалына әкеп соқтырған «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзғаны үшін» кінәлі деді. Айыптың бұл бабы бойынша сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін талқылау барысында прокурорлар іс бойынша айыпталғандарды нақты алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Сот отырысы Қарағанды қаласы ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «№61 мекемесі» РМК ғимаратында өтті.
Контекст
Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Апат кезінде 252 адам жер астында болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды.
Шахтадан 46 кеншінің мәйіті табылды. Олардың тізімі шықты.
Елімізде 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Билік бұған дейін апаттың себебі «тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі көптеген қауіпсіздік ережесін бұзу» деп айтылған. Ресми нұсқа бойынша, шахтадағы жарылыс көмір шаңы жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, олардың концентрациясы рұқсат етілген деңгейден айтарлықтай асып кеткеннен болған.
Анықтама
Костенко шахтасы Қарағанды қаласында орналасқан. Кеніш «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі.